A+ A A-

admin 31 22-05-2025, 08:30 0

Өскемен-Шемонаиха жолының 30 шақырымына асфальт төселді

ШҚО

Шығыс Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуде рециклдеу технологиясы белсенді қолданылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биылғы маусымда жалпы ұзындығы 357 шақырым жолды жаңарту жоспарланған. Оның ішінде халықаралық маңызы бар Өскемен – Шемонаиха бағытындағы 93 шақырым жол қамтылған. Бұл учаскеде ескі жабындыны қайта пайдалануға мүмкіндік беретін, бюджеттік шығынды едәуір үнемдеуге сеп болатын рециклдеу технологиясы қолданылуда.
– Рециклдеу әдісі фрезерленген асфальтты нығайтушы қабат ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл – жол төсемінің тозуын азайтып, оның қызмет ету мерзімін ұзартатын тиімді шешім, – деді мердігер ұйым жобасының жетекшісі Сеиіл Соқыров.
Бүгінде Өскемен – Шемонаиха жолының 30 шақырымына асфальт төселді, бұл жоспарланған жұмыс көлемнің 30 пайызына тең. Жөндеу жұмыстары жол жүктемесі мен қозғалыс қарқынын ескере отырып, тәулік бойы жүргізілуде: түнде – асфальт төсеу, күндіз – ескі жабындыны бөлшектеу және қайта өңдеу жүреді.
Жұмыстар Жол активтері сапасының ұлттық орталығы ШҚО филиалының тұрақты бақылауында. Инженерлер нысанға үнемі шығып, сынама алады.
– Маусым басталғаннан бері біз жолды 16 рет тексеріп, 55 материал үлгісін алдық. Соның алтауы бойынша сәйкессіздіктер анықталды. Үшеуі жойылды, қалғандары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар технологиялық бұзушылықтар тіркелді, олар да түзетілуде, – деді Жол активтері сапасының ұлттық орталығы ШҚО филиалы бөлімінің басшысы Саяхат Мұсапыров.
Сонымен қатар рециклдеу әдісі Өскемен – Риддер жолын жөдеуде қолданылып келеді.
– Республикалық жолдарды жаңғырту және заманауи жөндеу технологияларына көшу – біздің жұмысымыздың басты бағыты. Біздің мақсатымыз – өңір жолдарын сапалы, қауіпсіз және ұзақ мерзімді ету. Жалпы, 2024–2025 жылдары республикалық маңызы бар автожолдарды орташа жөндеуге Шығыс Қазақстан бойынша 37 миллиард теңге қарастырылған. Оның 11 миллиарды өткен жылы игерілсе, биыл 26 миллиард теңге бөлінген, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары Алмас Хасенов.
Ұлттық жол активтері сапасы орталығы мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның ШҚО бойынша филиалдары өңірдегі жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып келеді. Бұл өз кезегінде өңірдің көлік қатынасын жақсартып, қалааралық және халықаралық логистиканы жеңілдетеді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив