Теміржол көлігін жиі қолданатын қала тұрғындары нысан біртіндеп өзгеріске еніп келе жатқанын байқауда. Көрер көз әбден үйреніскен бұрынғы қасбеттің орнына қабырға сыртын жылытқышпен қаптап, темір бекітті. Жұмыс жаңбырда да, аптап та жалғасуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осының бәрі қайта жаңғырту жұмыстары басталып, барлығы жолаушыларға барынша жағдай жасау қамымен қолға алынуда. Мұндай өзгеріс Өскеменде де қолға алынып жатыр. Ескісін сүріп тастап, жаңасын салуға әлдеқашан кірісіп кеткен. Нақты айтсақ, мамыр айының ортасында ауқымды тірліктің бөгеу ағытылып, оны көрген қалалықтар бастапқыда аң-таң болды. Көне архитектураның жарқын естелігі еді ғой деп бармақ тістеді. Дегенмен Защита ықшам ауданындағы «Өскемен 1» теміржол вокзалы алда жаңаша келбетке ие болмақ.
Ал Риддерде бәрі енді-енді басталып жатыр. Бірнеше күн ішінде қасбетке жабысып тұрған тақтатастарды алып тастады.
– Бірнеше айдан соң вокзалдың өңі кіреді. Бұл жай ғана косметикалық жөндеу емес, толыққанды қайта жаңғырту жұмысы. Қасбеті заманауи үлгідегі болып өзгереді. Жаңа шатыр орнатып, оны тіреп тұратын ағаштар мен бөренесін ауыстырамыз. Барлығы ауа райының тосын мінезіне төтеп беруі тиіс, – деді теміржол станциясының бастығы Ерасыл Бақытбеков.
Ғимараттың ішкі жағы да бұрынғы бейнесімен қош айтысады. Нақты айтсақ, жолаушылар үшін бөлек, әкімшілік пен полиция үшін бөлек орындар қарастырылады. Ерлер мен әйелдер әжетханасы жеке-жеке болмақ. Вокзалдың алды жолаушыларға барынша қолайлы болу үшін аз-кем құрылысқа мән беріледі. Кейде адамдар жаңбырлы күні пойызға жеткенше малмандай су болушы еді. Енді төбесін шатырлап, қалқа жасалады һәм орындықтар қойылады. Өскемен автовокзалына мән берсеңіздер тура сондай. Риддер теміржолындағы қайта жаңғырту жауапкершілігін «Элхон» ЖШС өз мойнына алды. Бұл мекеменің атауы қалалықтардың көбіне таныс. Себебі, Риддердегі көпсалалы аурухана, мектеп құрылысы секілді ауқымды жобаларды іске асырып келеді. Жұмыс шамамен 3-4 айға созылады. Осы уақыт аралығында жолаушыларға кейбір келеңсіздікке төзе тұруға тура келеді. Онсыз тағы болмайды.
Асыл АЙТБАЕВ (Фотосурет ашық дереккөзден)
Пікірлер