A+ A A-

talgatzhan 0 Кеше, 21:00 0

Шығыстағы боранды қыс: республикалық трассаларда мыңдаған көлік қар құрсауынан шығарылып, 96 рет қозғалыс шектелді

ШҚО
Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстау жұмыстарының алғашқы қорытындылары шығарылды. Биылғы қыс экстремалды жағдайлармен өтті: боран, қарлы бұрқасын, қатты жел және көріну деңгейінің төмендеуі жол қозғалысын айтарлықтай қиындатты.
 
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше, қыс мезгілінде өңірдегі республикалық автожолдарда қозғалыс 49 рет толық жабылып, 47 рет көліктің жекелеген түрлері үшін шектеу енгізілді. Барлығы — 96 уақытша шектеу тіркелді.
 
«Қажсервис» ЖШС-нің ШҚО филиалының бас инженері Шыңғыс Заитовтың айтуынша, боранды кезеңдерде негізгі міндет — қозғалысты жедел қалпына келтіру және жолдарда төтенше жағдайлардың алдын алу болды.
 
— Биылғы қыста республикалық трассаларда қозғалыс 49 рет жабылып, 47 рет көліктің жекелеген түрлеріне шектеу қойылды. Боран мен қарлы күндері қызметкерлеріміз ең қауіпті учаскелер арқылы 30 мыңға жуық көлікті ілестіріп өткізді. Қар құрсауында қалған жүздеген жүргізуші құтқарылды. Қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін жолдарда тәулік бойы 120-дан астам қызметкер және 100-ден аса арнайы техника жұмыс істеді, — деді Шыңғыс Заитов.
 
Әсіресе желдің екпіні күшейіп, қар үйінділері жиі қалыптасатын күрделі учаскелерге ерекше назар аударылды. Мұндай аймақтарда жолды тұрақты тазалау және көліктерді жедел эвакуациялау жұмыстары жүргізілді.
 
Қысқы күтіп-ұстау сапасына бақылауды «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК ШҚО филиалының мамандары жүзеге асырды. Маусым барысында 13 рет көшпелі тексеру жүргізілді.
 
— Осы маусымда өңірдегі барлық республикалық трассалардың қысқы күтімі тексерілді. Барлығы 13 рет инспекциялық шығу ұйымдастырылды. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер — мұз қабаты, ойық іздер, қардан толық тазартылмаған жол белгілері — жедел түрде жойылды, — деп хабарлады филиал бөлімінің басшысы Саяхат Мұсапыров.
 
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда және ауа райы жағдайындағы өзгерістерге жедел әрекет етуде.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив