Облыс әкімдігінің кезекті отырысы кезінде өңір басшысының бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов бірқатар шенеуніктен «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінген қаржының неге толық игерілмей жатқанын сұрады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алдымен осыған қатысты сауалын облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Жұмановаға қойған Нұрымбет Аманұлы тақырыпты одан әрі жалғай түсті. Айта кетерлік жайт, Үлкен Нарын ауданында іске асырылуы тиіс төрт жобаның бірде-бірі соңына жеткен жоқ. Бұған бөлінген 28,7 млн теңге сол күйі игерілмеді. Жағдайдың қалай болып жатқанын өңір әкімінің бірінші орынбасары аудан басшыларының өздерінен сұрады.
Үлкен Нарын ауданының әкімі Елдос Байрахметов тиісті қаржы алдыңғы сессияда бөлінгенін, соған байланысты жыл соңына дейін істі аяқтайтындарын жеткізді.
Күршім ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рәзия Үмітбаева (Алмат Ақышов іс-сапарда екен) 8 жобаның 4-еуі аяқталғанын, қалғаны жыл бітпей тәмамдалатынын айтты.
Самар ауданы әкімдігіндегілер 11 жобаның 4-еуі бойынша қаржы игерілмей жатқанын алға тартты. Бұған себеп - Жол активтері Ұлттық сапа орталығындағылар зертхана қорытындысын әлі шығармаған. Бірақ «бәрі бақылауда» деді.
Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов та үлгеріп жатқандарын жеткізді.
Фотосурет ашық дереккөзден
Пікірлер