Шара кезінде аймақ басшысы Ермек Көшербаев бірқатар сала қызметкеріне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамоталарын табыстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, облыстың әлеуметтік қорғау жүйесінде 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның 704-і - әлеуметтік қызметкерлер.
- Облыс филармониясында әлеуметтік қызмет ардагерлерін, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлерін, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінде, орталықтарда жұмыс істейтіндерді марапаттады. Олардан бөлек, жұмыспен қамту бөлімдерінде еңбектеніп жүргендер де бар, - делінген ақпаратта.
Аймақ әкімі Ермек Көшербаев әлеуметтік сала қызметкерлеріне ведомстволық наградалар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамоталары, сондай-ақ Алғыс хаттар табыс етті.
- Әлеуметтік қызметкер - ерекше қамқорлықты қажет ететін маман. Күн сайын мұқтаж жандарға көмек көрсететін, жүректері жылу мен мейірімділікке толы адамдардың мерекесі. Сала қызметкерлерінің абыройлы еңбектері арқасында өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар қажетті қолдау алып, еңсесін тіктеуде. Олардың басты миссиясы – адамдарға жақсылық істеу. Әлеуметтік қызметкерлер облыс халқының өмір сүру сапасын арттыру және қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға көмек көрсету жолында аянбай еңбек етіп келеді, - деді аймақ басшысы.
Ермек Беделбайұлы азаматтардың әл-ауқаты мен жайлы тұрмысын қамтамасыз ету биліктің тікелей міндеті, ал оған қол жеткізу қоғамның өмір сүру сапасына байланысты екенін атап өтті. Ол адал еңбегімен, мейірімділігімен қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына үлкен көмек көрсетіп, ұдайы қамқор болып жүретін әлеуметтік сала қызметкерлеріне жылы лебізін білдірді.
Пікірлер