Осыған қатысты «Температуралық режим, қысқы мезгілде сабақ өткізуді ұйымдастыру туралы» жыл сайынғы бұйрығы шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскеменде өткен брифинг кезінде облыстық білім басқармасына қарасты мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Бұлбұл Қозыбаева ауа райының құбылуына қарай болатын өзгерістерге тоқталды. Себебі, балалардың қашықтан оқуы тек аязға емес, боран мен көктайғаққа да байланысты. Егер жел жыламдығы 2 м/с-тан аспаса, төмендегі сыныптар мектепке бармайды:
-28℃ және одан төмен болса – 1-4 сыныптар;
-32℃ және одан төмен болса – 5-9 сыныптар;
-34℃ және одан төмен болса – 10-11 сыныптар және I-II курстарда оқитын колледж студенттері.
Егер жел кемі 2 м/с жылдамдықпен соқса, төмендегі сыныптар мектепке бармайды:
-23℃ және одан төмен болса – 1-4 сыныптар;
-27℃ және одан төмен болса – 5-9 сыныптар;
-29℃ және одан төмен болса – 10-11 сыныптар және I-II курстарда оқитын колледж студенттері.
Мәлім болғандай, ата-аналар мен оқушылар үшін қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы уақтылы хабарлама жіберу жүйесі бекітілді.
– Сабақтың өтетіні, я өтпейтіні мектеп директорының бұйрығымен нақтыланады. Онда қашықтан оқытуға өтетін сыныптар көрсетіледі. Ақпарат таңертең сағат 6:00-7:00 аралығында білім басқармасындағы жауапты адамдарға жетеді. Бұл бірінші ауысымдағы балалар үшін. Ал екінші ауысымдағылар 10:30-12:00 аралығында ақпараттан хабардар болады, – деді шенеунік.
Білім басқармасындағылар барлық білім беру ұйымдарына сабақ болмайтыны туралы таңертең сағат 6:54 пен 8:00 (бірінші ауысым) пен 11:15 пен 13:00 аралығында (екінші ауысым) хабарлама жібереді. Ақпараттар облыстық білім басқармасы мен білім беру ұйымдарының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланады.
Бұдан бөлек, Бұлбұл Қозыбаева шығарылған шешім өңірлердегі уақыт белдеуінің өзгеруіне қарамастан, қайта түзетілмейтіндігін атап өтті. Екінші ауысымдағы балалар үшін күн суытып кеткенде сабақ қысқарады.
Фотосурет ашық дереккөзден
Пікірлер