Жабдықтар мен жылу желілерін жаңартуға республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Үкімет резерві мен облыстық бюджеттен 2,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат екі жоғары қысымды агрегатты күрделі жөндеуден өткізуге және жылу желілерінің 12 учаскесін жаңартуға жұмсалады.
Бұдан бөлек, кәсіпорын тарифі аясында қосымша 715 млн теңге бөліну жоспарланған. Ол №1 турбогенераторды күрделі жөндеуге, жылу желілерінің бес учаскесін қалпына келтіруге, жаңа түтін мұржасының жобасын әзірлеуге, күл үйіндісінің екінші секциясын кеңейтуге және қосалқы жабдықтарды жөндеуге бағытталады.
Белгілі болғандай, қазір үш мердігер ұйым анықталып, қажетті келісімшарттар жасалған.
- Бұл бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр. Барлық қажетті келісім алынды, жұмыс кестелері жоғары тұрған органдармен бекітілді, – деді Риддер ЖЭО басшысы Кирилл Голота.
Бүгінде Риддердегі жылу желілерінің тозу деңгейі 59%-ды құрайды. Жоспарланған жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш шамамен 3%-ға төмендейді деп күтілуде.
Пікірлер