Өскемен гарнизонындағы 27943 әскери бөлімі 1993 жылы құрылды. Ал 2019 жылы бөлімге Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің есімі берілген. Бүгінгі күні онда күзгі шақырылымның алғашқы сарбаздары келіп жатыр. Жалпы бұл бөлім күзгі маусымда 400-ге жуық бозбаланы әскер қатарына алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Взвод аға сержанты Ернар Ерікұлының айтуынша, әскер сапындағы әр сарбаздың алғашқы міндетінің бірі - қолға қару алып үйрену. Оны шашып-жинау да санаулы секунд ішінде жүзеге асырылады.
- Әр жас жауынгерді қарумен жұмыс істеуге үйретіп, спортқа баулимыз. Батальонда портативті зениттік зымыран жүйесі, автомат және Калашников пулеметі сынды қару түрлері бар. Сарбаздар жарты жыл ішінде қарумен атуды толық үйреніп шыға алады, барлығы өз талпынысы мен қабілетіне байланысты, - дейді ол.
27943 әскери бөлімінің командирі, полковник Азамат Абикенов жаңадан алынып жатқан құралдардың ішінде ұшқысыз басқарылатын дрон бар екенін айтты.
- Дронмен жұмыс істеу үшін сарбаздардың арасынан операторларды оқытып жатырмыз. Әр бөлімшеде дрон бағдарламасын басқаратын 2 оператор болады. Айта кетейік, биыл күзгі шақырылым 17 қарашада аяқталады. Ал 30 қараша күні курсанттар әскери ант қабылдайды, - деп қорытындылады ол.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер