Байбатчина көшесі, 2 мекенжайында “ZHULDYZ” спорт кешенінде волейбол мен футбол сециялары бойынша 100-ге жуық бала жаттығады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жаңа нысанды Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар аралап шықты. “ZHULDYZ” спорт кешенінің директоры Алмас Нұрсейітовтің сөзінше, мұндағы балалар Арт-спорт және Даму бала бағдарламалары бойынша спортпен шұғылданады.
Жаңа мекеме “Алтай” волейбол клубы, “Форсаж”, “Тұлпар”, “Реал-16” және “Арлан” футбол клубтарымен бірлесе жұмыс істейді. Сондай-ақ бұл жерде спорттық гимнастика мен тоғызқұмалақ секциясы бар.
Өскеменде “Зейін” спорттық-білім беру орталығы да бар. 10 қыркүйекте ашылған мекеме Шәкәрім даңғылы, 70а мекенжайында орналасқан. Балалар ағылшын тілі мен математика пәндерін оқып, спорт залында жаттыға алады.
- Бізде волейбол, дзюдо, таэквондо, гимнастика үйірмелері жұмыс істейді. Балалар домбыра, вокал, заманауи бимен де айналыса алады. Әзірге мұның барлығы коммерциялық негізде өтіп жатыр. Алдағы уақытта Арт-спорт бағдарламасын іске қосу жоспарда бар, - деді орталық директоры Зайра Әрінова.
Пікірлер