Облыста заңсыз жұмыс істеген 13 шетелдік анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңірде «Нелегал» жедел алдын алу шарасы жалғасуда. Көші-қон қызметінің өкілдері құрылыс алаңдарын, базарларды және шетелдік азаматтардың заңсыз жұмыс істеуі мүмкін басқа да орындарды тексеріп жүр.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көршілес мемлекеттің 13 азаматы Бұқтырма су қоймасы жағалауында тиісті рұқсатсыз жұмыс істеп жүргені анықталды. Шетелдіктер демалушыларға арналған жазғы коттедждер құрылысына жұмысқа тартылған. Олар көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Әрқайсысына 25 АЕК (108 125 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тартқан жұмыс беруші де жауапкершілікке тартылды. Оған 100 АЕК (432 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
«Нелегал» операциясы басталғаннан бері аймақта заңсыз жұмыс істеген 144 шетелдік азаматтың жолы кесілді.
Пікірлер