Облыс орталығының тұрғындары қыс мезгілі жақындаған сайын аталған аумақтың жағдайына алаңдаушылық білдіруде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Комендантка маңындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары су мәселесіне қатысты шағымдарын жеткізді. Әлеуметтік желіде жөндеу жұмыстарының барысы қалай жүргізіліп жатқаны және қашан аяқталатынына қатысты наразылықтар көбеюде.
Ал пікір қалдырғандардың көбісі қоғамдық демалыс пен балалармен серуендеуге арналған орынның биыл бітпейтініне көндіккен. Дегенмен, алаңның айналасында ыңғайлы айналма жолдарды немесе Назарбаев даңғылының жолында жаяу жүргіншілер өткелдерін қамтамасыз етуге қатысты жағымсыз пікірлер көп.
– Бәрін қазып тастап кетті. Нәтижесінде, бір үй сусыз қалды. Қазір ешқандай жөндеу жүргізіліп жатқан жоқ. Қазылған күйі тұр. Ертең суық түссе, құбырлардың бәрі қатады. Адамдар жылусыз, сусыз және кәрізсіз қалады. Әсіресе, даңғыл арқылы уақытша жаяу жүргіншілер өткелінің болмауына наразылық білдірілуде. Тағы бір мәселе - жаяу жүргіншілерге жол жоқ. Музыка мектебінің балалары жолды айналып өтуге мәжбүр. Бұрын автобус аялдамасына жету үшін көпірдің астынан тіке өте салатын. Қазір тек Ушанов алаңы мен 45-ші гастроном жақта ғана өткелдер бар. Бұл мәселе бір адамды ғана емес, бүкіл тұрғынды алаңдатып тұр. Егер құрылыс мерзімі бір жылдан астам уақытқа созылса, онда өткел жасағандары дұрыс, - деді тұрғын.
Қала әкімдігі де бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. Әкімдіктің мәліметінше, Назарбаев даңғылындағы Серікбаев пен 30-шы гвардиялық дивизия көшелерінің арасындағы инфрақұрылымды қайта құру аясында осы аумақта инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер - DiaTech LLC.
– Сумен жабдықтау, нөсерлі кәріз және электр кабель желілерін қайта құру жұмыстары аяқталды. Су мен электр қуаты жаңа желілер арқылы беріледі. Кәріз желілеріндегі жұмыстар 90%-ға аяқталды. Бетонды орнату және қайта толтыру жұмыстары әлі де жалғасуда. Жылу желісі көпірдің астынан жер бетінен, қорғаныс оқшаулағышымен өтеді. Жүргізіліп жатқан жұмыстар оған және жылумен жабдықтауға әсер етпейді. Суық суды уақытша өшіру «Өскемен су арнасы» мекемесімен жаңа желіге көшуге байланысты үйлестірілді, - делінген әкімдік берген ақпаратта.
Белгілі болғандай, жұмыстар 8 қарашаға дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Айта кету керек, толық жөндеу жұмыстарының қашан аяқталатыны белгісіз.
Пікірлер