Биыл қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 44,9 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9%-ға жоғары, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, есепті кезеңде экспорт көлемі 24 млрд АҚШ долларына, ал импорт көлемі шамамен 20,9 млрд АҚШ долларына жетті.
Атап айтқанда, еліміздің негізгі экспорттық нарығы — Қытай. Есепті кезеңде бұл елге 4,9 млрд АҚШ доллары көлемінде тауар жөнелтілді. Сондай-ақ Италияға — 4 млрд доллар, Ресейге — 2 млрд доллар, Түркияға — 1,7 млрд доллар және Өзбекстанға — 1,4 млрд доллар көлемінде өнім экспортталды.
Ал импорт бойынша Қазақстанның басты серіктесі — Ресей. Аталған елден жеткізілген тауар көлемі 6,6 млрд АҚШ долларын құрады. Одан кейін Қытай — 6 млрд доллар, Германия — 1 млрд доллар, АҚШ — 0,9 млрд доллар және Корея Республикасы — 0,5 млрд доллар көрсеткішпен орналасқан.
Сонымен қатар ведомство дерегіне сүйенсек, 2026 жылғы қаңтар–сәуір айларында Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен өзара сауда көлемі өсіп, 9,87 млрд АҚШ долларына жеткен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3%-ға артты.
Оның ішінде экспорт көлемі 2,7 млрд долларды құрап, 7,9%-ға азайса, импорт көлемі 7,16 млрд долларға жетіп, 24,1%-ға өсті.
Осыған байланысты Қазақстанның ЕАЭО елдерімен сауда айналымында Ресейдің басым үлесі сақталып тұр — 87,6%. Қырғыз Республикасының үлесі — 8%, Беларусь Республикасының үлесі — 4,1%, Армения Республикасының үлесі — 0,3%.
Бұдан бөлек, экспортта мұнай мен металл өнімдері басым. 2026 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстан экспортының негізгі бөлігін битуминозды минералдардан алынған шикі мұнай және шикі мұнай өнімдері құрады. Оның үлесі 44%-ға жетті.
Экспорт құрылымында тазартылған мыс пен өңделмеген мыс қорытпалары — 7,5%, мыс кендері мен концентраттары — 6,3%, ферроқорытпалар — 3,2%, бидай және меслин — 3% үлеске ие болды.
Импорттың негізгі тауарлары қатарында жеңіл автомобильдер және өзге де моторлы көлік құралдары (3,1%), мұнай газдары мен өзге де газ тәріздес көмірсутектер (2,7%), дәрілік заттар (2,6%), телефон аппараттары (2,5%), электр генераторлық қондырғылар мен электр түрлендіргіштері (2,5%) бар.
Жалпы, 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларындағы көрсеткіштер Қазақстанның сыртқы сауда айналымының оң динамикасын сақтап отырғанын және негізгі халықаралық серіктестермен экономикалық байланыстардың нығайғанын көрсетеді.
Фото: ҚазМұнайГаз
Пікірлер