
Өскеменде OSKEMEN LIFE жазғы фестивалі жоғары деңгейде өтті
Кеше Өскеменнің қақ орталығы думанға бөленіп, қала тұрғындары жазғы фестивальдің жарқын атмосферасын бірге сезінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Фестиваль Чехов көшесі мен Горький көшесінің аралығын, Арбатты және Қасым Қайсенов саябағын қамтыды.
Бір күнге созылған мерекелік іс-шарада концерттік бағдарлама, спорттық жарыстар, шығармашылық аймақтар, би және караоке батлдар, балаларға арналған ойын-сауық пен түрлі шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Шара сағат 14:00-де басталып, кешкі 22:00-ге дейін жалғасты. Күндіз тұрғындар ашық аспан астында йога жаттығуларына қатысып, шай ішу рәсімімен танысты, кітап және ойыншық алмасу алаңдарын аралады. Ал кешке қарай фестивальдің көркі қыза түсіп, түрлі байқаулар мен ойындар көпшіліктің қызығушылығын арттырды.
Солардың бірі – караоке батл. Сахнаға шыққан қатысушылар сүйікті әндерін орындап, өз таланттарын көпшілік алдында көрсету мүмкіндігіне ие болды.
– Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – қала тұрғындарына түрлі форматтағы мәдени әрі ойын-сауық бағдарламаларын ұсынып, жастардың көңілін көтеру. Кейбір адам көпшілік алдында ән айтып, бұрын орындалмай қалған армандарын жүзеге асырғысы келеді. Караоке батл дәл сондай мүмкіндік береді. Өскемендіктер табиғатынан сабырлы, тұйықтау келеді ғой. Осындай шаралар олардың еркін ашылып, өздерін жаңа қырынан көрсетуіне ықпал етеді деп ойлаймын. Үздік өнер көрсеткен қатысушыларға серіктестеріміз арнайы сыйлықтар дайындады. Бұған дейін де өткізгенбіз, халықтың сұранысы жоғары болғандықтан, алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – деді ұйымдастырушы Қуаныш Ерболұлы.
Караоке батлға қатысқандар да алған әсерлерімен бөлісті.
– Шыны керек, жас кезімде жиі ән айтып, құрбыларымның арасында «бұлбұл» атанып жүретінмін. Ал бүгін алғаш рет көпшіліктің алдында ән орындадым. Әуелде қатты қобалжыдым, ұялдым. Бірақ ән бастап кеткен соң бәрі ұмытылып кетеді екен. Бір жеңілдеп, ерекше әсер алып қалдым. Жалпы, фестиваль өте ұнап жатыр, – дейді қала тұрғыны Назым Бауыржанова.
Бұл уақытта Арбатта көпшілікке танымал Dopingukg тобы өнер көрсетті. Электрогитара, аккордеон және вокалдың үйлесімі көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, жиналған жұрт сүйікті әндерін орындаушылармен бірге қосыла шырқады.
Ал Горький көшесінде ұйымдастырылған би батлында жас бишілер өздерінің шеберліктерін паш етті. Жеңімпаздарды анықтау көрерменнің қолдауына негізделді. Ең көп қошеметке ие болған қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталды.
Фестиваль аясында TikTok аймағы да ерекше қызығушылық тудырды. Мұнда балалар түрлі бейнероликтер түсіріп, асфальтқа түрлі-түсті суреттер салып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Сонымен қатар кішкентай қатысушылар арасында самокат жарысы ұйымдастырылды.
Мерекенің басты сахнасы Чехов пен Горький көшелерінің қиылысында орналасты. Күні бойы диджейлер заманауи музыкаларын ұсынып, фестиваль қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
– Қатты ұнап жатыр. Бұған дейін өткен фестивальге де келгенбіз. Атмосферасы Алматы мен Астанада өтетін үлкен қалалық фестивальдерден кем емес. Жазғы демалыста осындай мәдени іс-шаралардың ұйымдастырылып жатқаны қуантады. Летникте отырып тамақтандық, би жарысына қатыстық, караокеде ән айттық. Керемет көңіл күй сыйлаған ұйымдастырушыларға рахмет, – деді қала тұрғыны Аида Ержанова.
Кеш соңында танымал эстрада әншісі, хит әндердің орындаушысы ARGONYA ән шырқады. Өнерпаздың сахнаға шығуын көрермендер ерекше ықыласпен қарсы алып, оның танымал әндерін бірге орындады. Жанды дауыста шырқалған әндер мен әсерлі шоу бағдарламасы кештің сәнін келтіріп, қала тұрғындарына би билетіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер