Бүгін Катонқарағай ауылындағы атшабарда көкпардан финалдық ойын өтті. Ұлан ауданының жігіттері осы жолы да қарсыластарынан бір бас жоғары екендіктерін байқатып, бірінші орын иеленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осыған дейін топтық ойындар, жартылай финал тәмам болды. Бүгін құнан жарыс, топ бәйгеден соң көкпардың финалы өтті. Тұрпатты тұлпарларымен екпіндете шапқан палуандар барынша тартысты бәсеке өрбітуге тырысты. Дегенмен Ержан Заманбеков бастаған Ұлан ауданының командасы Күршімнен айқын басым болды. Есеп 12:2. Ойын біткен соң Халық ойындары туралы пікірімен бөлісті.
– Жарыс деңгейі жақсы. Бұл спорт. 11 команда арасында жеңімпаз болдық. Былтырғы нәтижеміз қайталанды. Самар ауданының командасымен ойын қиынға түсті. Жартылай финалда жолықтық. Олардың жеңіп, бүгін финалда Күршім жігіттерінен басым түстік. Командалардың деңгейі де өскен. Бастысы төзім керек. Өзім 17 жасымнан көкпар тартып келемін. Қазір жасым – 46-да, – деді ол.
Ержан Амангелдіұлының сөзінше, командадағы ең ересек көкпаршы өзі. 50-ге аяқ басса да, еш қиналмағанын айтты. Серкенің салмағы – 30-35 келі аралығында. Көкпардағы тәртіп бойынша солай болуы керек.
– Чемпион болу деген мақсат қойдық алдымызға. Бір айта кететіні, мұнда аттың мықтылығы маңызды. Палуанның сәтті өнер көрсетуінің 70 пайызы соған байланысты. Қалған 30 пайызы, серкені ілу-ілмеу палуаннан. Шайнаркөк деген атымыз бар. Қашқыш. Серкені ілген соң жеткізбей кетеді, – деді ол.
Осы команда мүшесі Досым Мусиннің айтуынша, бір топ мықты болып кетті.
– Біз Самар ауданымен бір топқа түсіп қалдық. Көбі финалда Ұлан мен Самардың ойынын күтті. Оларды жартылай финалда 4:2 есебімен жеңдік. Жеребе солай тартылыпты. Ойын тартысты өтті, – деді ол.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі
Пікірлер