Бүгін облыс әкімдігінің кезекті отырысында азық-түлік бағасын қымбаттатпау бойынша жұмыс қорытындыланып, кейбір аудан, қалада бағаның айтарлықтай жоғарылағаны айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыстық Кәсіпкерлік және өндіріс басқармасының басшысы Исатай Аңсаттың сөзінше, орташа көрсеткішпен салыстырғанда, өңірде бағадағы ең елеулі айырмашылықтар үш ауданда байқалады. Оның ішінде, Үлкен Нарын ауданында алты негізгі тауар түрі бойынша бағаның жоғарылағаны тіркелді. Айталық:
• Қара шай: 6 560 теңге (орташа бағасы – 4 683 теңге)
• Қаймақ: 3 200 теңге (орташа бағасы – 2 326 теңге)
• Қияр: 890 теңге (орташа бағасы – 678 теңге)
• Қарақұмық жармасы: 510 теңге (орташа бағасы – 394 теңге)
• Күріш: 700 теңге (орташа бағасы – 543 теңге)
• Сүзбе: 2 841 теңге (орташа бағасы – 2 214 теңге)
Исатай Аңсаттың айтуынша, Риддер қаласы – көкөністер мен ет ең қымбат бағамен сатылатын қала. Одан бөлек, ол жақта қызанақтың бір келісі 1 350 теңгеден (орташа бағасы – 815 теңге) саудаланып жатыр. Ал жалпы:
* Сәбіз: 444 теңге (орташа бағасы – 347 теңге)
* Фарш: 4 500 теңге (орташа бағасы – 3 569 теңге)
* Балық: 2 200 теңге (орташа бағасы – 1 753 теңге)
Алтай ауданында көкөністер қымбаттаған:
Қияр: 981 теңге (орташа бағасы – 678 теңге)
Қызанақ: 995 теңге (орташа бағасы – 815 теңге)
– Ең қымбат рожки Марқакөл ауданында сатылады: 745 теңге (орташа бағасы – 478 теңге). Қырыққабат Шемонаиха ауданында қымбат, бір келісі – 320 теңге (орташа бағасы – 246 теңге). Сосын қияр бойынша Тарбағатай (820 теңге, +21%) ауданында баға айтарлықтай жоғары, – деді ол.
Басқарма басшысы Алтай, Үлкен Нарын аудандары және Риддер қаласы әкімдіктеріне делдалдар санын барынша азайту мақсатында Өскемендегі көтерме сауда кәсіпкерлерімен өзара іс-қимыл жасауға шақырды. Сондай-ақ барлық ауданға сауда үстемелеріне бақылауды күшейту жөніндегі жұмысты жандандыруды орынды деп санайтынын айтты.
Фото: Zakon.kz
Пікірлер