ШҚО цифрландыру және архивтер басқарма басшысының міндетін атқарушы Жайнар Шаянбаеваның сөзінше, осы жылы өңірдегі архив мекемелері 37 113 мемлекеттік қызмет көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның ішінде 22 356 сұраныс (60,2%) электрондық үкімет порталы арқылы орындалды. Тағы 13 932 сұраныс (37,5%) облыстық архив арқылы арнайы автоматтандырылған жұмыс орындарында өңделді. Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 825 қызмет көрсетілді (2,2%).
Анықталғандай, сұраныстардың едәуір бөлігі әлеуметтік-құқықтық мәселелерге қатысты болды. Азаматтар көбіне еңбек өтілін, жалақыны, отбасылық жағдайды растау, репрессия және оңалту туралы ақпарат алған.
- Мәліметтердің қолжетімділігін арттыру үшін құжаттарды цифрландыру және «Е-Архив» жүйесіне жүктеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде 113 мыңнан астам сақтау бірлігі цифрлық форматқа көшірілді. Бұл архивтерде сақталған барлық құжаттың 7,2%-ын құрайды, - деді Жайнар Шаянбаева.
Айта кетейік, азаматтар электрондық үкімет порталы арқылы өз бетімен сұраныс жіберуге, қажет ақпаратты табуға мүмкіндік беретін өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған бұрыштар құрылды.
Пікірлер