Куәгерлердің айтуларынша, кеше таңғы уақытта Өскеменде бірнеше жол апаты болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты тізгінге ие бола алмай, жолдан шығып кеткендер мен көктайғаққа шағымданғандар да кездесті. Дегенмен полиция қызметкерлері қалада жол-көлік оқиғасының көбейе қоймағанын жеткізді.
– Тәулік бойы мониторинг жүргізіледі. Кеше таңертең бірқатар жол апаты болды. Жалпы, күніне 15-ке жуық жол-көлік оқиғасы тіркеледі, – деді қалалық полиция басқармасы жол техникалық инспекциясы бөлімінің бастығы Сергей Коваленко.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, қала ішінде әлі қысқы дөңгелек салдырмаған жүргізушілер бар. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ал 1-ші желтоқсаннан бастап жазғы дөңгелекпен жүргені үшін оларға ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігіне сәйкес 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Фотосурет: currenttime.tv
Пікірлер