A+ A A-

talgatzhan 34 Бүгін, 17:30 0

Өскеменде Құрылтай сайлауына дайындық мәселелері талқыланды

Бүгін / Өскемен

Бүгін Құрылтай сайлауын дайындау және өткізу мәселелері бойынша мемлекеттік орган өкілдерінің арнайы кеңесі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жиынға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник қатысты.
– Орталық сайлау комиссиясы әр өңірде кеңес өткізіп, Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстарын тексеруде. Бүгін Шығыс Қазақстан облысындағы жағдайды қарастырып, комиссия мүшелерімен кездесіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауап береміз. Бірінші кезекте сайлау комиссияларының дайындығына, олардың материалдық-техникалық жабдықталуына назар аударамыз. Сонымен қатар комиссия мүшелерінің сайлау заңнамасын білу деңгейін де тексереміз, – деді Михаил Бортник.
Кеңес барысында Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық, сайлау процесінің негізгі кезеңдері, ұйымдастырушылық мәселелер және сайлау процесіне қатысушылар арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі талқыланды.
Жиында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Бектас Серіков, ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова, ШҚО Полиция департаменті мен ШҚО ТЖД өкілдері баяндама жасады.
Бектас Серіковтің айтуынша, өңірде Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру үшін арнайы штаб құрылған.
Ал облыстық Полиция департаментінің өкілдері өңірде қоғамдық-саяси ахуал тұрақты екенін атап өтті. Қазір митингілер мен қарсылық акциялары тіркелмеген. Сондай-ақ партиялар тарапынан заң бұзушылық фактілері анықталмаған.
ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинованың сөзінше, облыста 29 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 11 940 адам – екінші топтағы, 10 771 адам – үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар.
– Олардың сайлауға қатысып, дауыс беруі үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Арнайы жабдықтармен қамтамасыз етіліп, алты ымдау тілі маманы жұмыс істейді. Сонымен қатар инватакси қызметі ұйымдастырылады. Барлығы 33 көлік. Өскемен қаласында 14 арнайы көлік болады, қалған көліктер аудан орталықтарына бөлінді, – деді Альмира Мусинова.
Кеңес соңында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды. Ол сайлау процесінің заң талаптарына сәйкес, ашық әрі ұйымдасқан түрде өтуі маңызды екенін атап өтті.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив