Биылғы жиым-терім қарсаңында Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин күзгі егіс жұмысы бойынша жедел штаб отырысын өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметімәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, еліміздің көп өңірінде егін жинау жұмысы жүргізілуде. Жиын-терім науқаны тамыздың үшінші он күндігінде басталады.
Биыл жалпы жиналатын егіс алқабы 24,2 млн гектар болса, оның 15,6 млн гектары дәнді және бұршақты дақыл. Бүгінде 1,9 млн гектар немесе 12,5% алқаптан дәнді дақыл жиналды. Салыстыру үшін айтатын болсақ, өткен жылы осы кезде 1 млн га немесе 6,1% өнім жиналған. Егін жинаудың ертерек басталуы жаздың әдеттен тыс ыстық болып, дақылдың тез пісуіне байланысты. Бұл ретте дәнді дақылдың өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда жоғары: бір жыл бұрынғы 14,8 ц/га-ға қарағанда орта есеппен 16,4 ц/га. 3,2 млн тонна астық жинақталған.
3,4 мың гектардан майлы дақыл жиналып, орташа өнімділік өткен жылғы сәйкес күнге қарағанда, 7,4 ц/га қарсы 10,5 ц/га-ны көрсетті. 3,5 мың тонна жиналды. Ұйымдасқан шаруашылықтарда бір жыл бұрынғы 235,6 ц/га-ға қарағанда орташа өнімділігі 249,2 ц/га болатын 214 мың тонна картоп жиналған. Сондай-ақ 628,6 мың тонна көкөніс пен 506,9 мың тонна бақша дақылы терілді. Жиын-терімге арналған техника дайындау жұмыстары аяқталуда. Оның өңірлердегі дайындығы шамамен 97% болса, науқан басталғанда 100%-ға жетуі тиіс. Жинауға барлығы 130,8 мың трактор, 29 мың астық комбайны, 17 мың орақ пен 130 мың бірлік басқа да техника жұмылдырылады. Оның ішінде шаруалар жеңілдікті лизинг бағдарламасы басталғаннан бері қол жеткізген 12,7 мыңнан астам трактор мен 2 340 комбайн алқапқа шығады.
Пікірлер