Бүгін Өскемендегі Б. Александров атындағы спорт сарайында 2026-2027 жылғы хоккей маусымының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Маусымның алғашқы ойынында өскемендік «Торпедо» мен көкшетаулық «Арлан» командалары кездесті. Жарыстың ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
– Бүгін шынымен де ерекше күн. Бұл – жаңа хоккей маусымының басталуы. Қазақстан хоккейінің отаны саналатын, бай спорттық дәстүрімен танымал қаламыз үшін осындай деңгейдегі жарысты қабылдау – үлкен мәртебе, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Аймақ басшысының сөзінше, өңірде хоккей спортына қызығушылық артып келеді. Бүгінде 640 спортшы хоккеймен шұғылданады. Оларға 39 жаттықтырушы жетекшілік етеді.
– Бұл сандардың артында жаттықтырушылардың, спортшылардың, ата-аналардың және спортты күн сайын дамытып, өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын әрі спорттық бәсекеге деген сүйіспеншілікті қалыптастырып жүрген барша азаматтың еңбегі тұр, – деді өңір басшысы.
Ойынға жанкүйерлер де белсенді қолдау көрсетті. Өскемен тұрғындары сүйікті командасына қолдау білдіру үшін арнайы келді.
– Бүгін «Торпедоны» қолдауға арнайы келдік. Олардың ойындарын жібермей көруге тырысамыз. Уақыт бөліп, әр ойынына келуге дайынбыз. «Торпедо», тек алға! – деді қала тұрғыны Вероника Жұманова.
Ойын нәтижесінде «Торпедо» көкшетаулық «Арланды» 3:2 есебімен жеңіп, жаңа маусымды сәтті бастады.
Пікірлер