Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау кезінде негізгі дауыс беру 23 тамызда сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Сонымен қатар жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берудің басталу немесе аяқталу уақыты өзгеше болуы мүмкін, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы хабарлады. Мұндай мүмкіндік «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген. Дауыс беру уақытын өзгерту тиісті әкімнің және учаскелік сайлау комиссияларының өтініші негізінде жүзеге асырылады.
Ел бойынша барлығы 10 423 сайлау учаскесі құрылды. Олардың 100-ден астамы дауыс беруді таңғы сағат 6:00-де бастайды.
Шамамен 600 сайлау учаскесі әскери бөлімдерде, емдеу стационарларында, үздіксіз өндірістік циклі бар ұйымдарда, вахталық жұмыс орындарында, сондай-ақ қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде орналасқан. Мұндай учаскелерде тізімге енгізілген барлық азамат дауыс беріп болған жағдайда, дауыс беру белгіленген уақыттан ертерек аяқталуы мүмкін.
Сайлаушыларға өз сайлау учаскесін онлайн режимде анықтау, call-орталықтардың көмегіне жүгіну және есептен шығару куәлігін алу мүмкіндігі бар екені еске салынды. Территориялық сайлау комиссиялары азаматтардың барлық өтініштерін қарайды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлаушыларға жеке шақыру қағаздарын табыстауға жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, шақыру қағазымен бірге азаматтарға есептен шығару куәлігі арқылы дауыс беру тәртібі де түсіндірілуі қажет.
– Өткен аптадан бері Орталық сайлау комиссиясының мүшелерімен бірге еліміздің өңірлеріне инспекциялық сапарлар жасап жатырмыз. Бүгінгі күнге дейін 12 өңірде болып, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен, дауыс беру учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталуымен және сайлаушыларды ақпараттандыру жұмыстарымен таныстық. Сайлаушыларға шақыру қағаздарын табыстау кезінде әрбір азаматқа басқа қалада немесе облыста жүрген жағдайда да дауыс беруге құқығы мен мүмкіндігі бар екенін түсіндіру маңызды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға толыққанды қатысуы үшін қажетті жағдайлардың жасалуына ерекше назар аударуды сұраймын, – деді Нұрлан Әбдіров.
Пікірлер