
Аға буынның батасын алған «Кітап оқитын ұлт» марафоны 1 қыркүйекте басталады
«Кітап оқитын ұлт» және «QAZAQ Creative» қорлары зиялы қауым өкілдерімен тағылымды кездесу өткізіп, 1 қыркүйекте басталатын республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонының жаңа кезеңіне дайындық барысын талқылады. Биылғы жоба 1 миллионнан астам азаматты қамтуды көздейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» марафонының басты мақсаты – азаматтарды кітап оқуға кеңінен тарту ғана емес, оқу мәдениетін қоғамның күнделікті өмір салтына айналдыру.
Жоба дәстүріне сай ауқымды бастаманың жаңа кезеңі аға буын өкілдерінің ақ батасымен басталды. Ұйымдастырушылар зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, жобаның алдағы міндеттері мен даму бағыттарын ортаға салды.
– Қазақ дәстүрінде қандай да бір үлкен істі бастарда аға буынның ақ батасын алу – тағылымы терең жол. Бұл – үлкендердің өмірлік тәжірибесі мен ізгі тілегін кейінгі буынға аманат етудің бір көрінісі. Сондықтан біз «Кітап оқитын ұлт» сияқты елдің рухани дамуына бағытталған ауқымды жобаны бастар алдында зиялы қауым өкілдеріне арнайы жолығып, ақ батасын алуды жөн көрдік. Аға буынның ақ тілегі бізге үлкен жауапкершілік жүктеп қана қоймай, алдағы жұмысты абыроймен атқаруға жігер береді, – деді «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков.
Кездесуге жазушылар, ақындар, журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Олардың қатарында Әлібек Асқаров, Шәрбану Бейсенова, Қуандық Жиенбай, Баянғали Әлімжанов, Әбубәкір Смайыл, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы, Бауыржан Бабажанұлы, Жанарбек Әшімжан, Мұхарбек Жәкейұлы, Ұларбек Дәлейұлы, Қанат Әбілқайыр, Батырболат Айтболатұлы, Асқар Алтай бар.
Жиын барысында жобаны жүзеге асырудың нақты тетіктері талқыланып, осы жылдың 31 наурызында өткен алдыңғы кездесуде айтылған ұсыныстардың орындалу барысы бойынша есеп берілді.
Зиялы қауым өкілдері жобаның бүгінгі нәтижелеріне жоғары баға беріп, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық сананы жаңғырту және зерделі ұлт қалыптастыру жолындағы ортақ істің маңыздылығын атап өтті.
Жазушы Әлібек Асқаров жобаға ақжолтай тілегін білдірді.
– Кітап оқу – ұлттың рухани қуатын арттыратын үлкен құндылық. Осындай игі бастаманың ауқымы кеңейіп, ел көлемінде жалғасын табуына тілектеспін. «Кітап оқитын ұлт» марафонына сәттілік тілеймін. Кітапқа бет бұрған әр азаматтың ой-өрісі кеңейіп, еліміздің зерделі ұрпағы көбейе берсін, – деді жазушы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонның басты көрсеткіші – қатысушылардың саны ғана емес. Негізгі мақсат – кітапты адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырып, оқу арқылы ойлайтын, ізденетін, зерделі қоғам қалыптастыру.
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны – кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ортақ іске бірқатар маңызды серіктесті біріктіріп отырған ауқымды бастама.
Жобаны іске асыруға Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры және Yandex Qazaqstan технологиялық компаниясы «Яндекс Кітаптар» сервисімен бірлесіп қатысуда. Серіктестердің бірлескен жұмысы оқу мәдениетін ілгерілетуге, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырман мен кітап арасындағы байланыстың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған.
Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер