Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөлімінің рота командирі, лейтенант Рамазан Құлманов халықаралық жарыста ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қырғызстан Республикасының Балықшы қаласында ТМД елдерінің әскери қызметшілері арасында штаттық және табельдік қарудан атудан XVII спартакиада өтті.
Халықаралық додаға ТМД мемлекеттерінің әскери қызметшілері қатысып, қарудан дәл ату шеберліктерін көрсетті.
Жарыс барысында әскери қызметшілердің мергендік шеберлігі, қаруды меңгеру деңгейі мен дәлдігі сыналды. Осындай жоғары бәсекеде 27943 әскери бөлімінің рота командирі, лейтенант Рамазан Құлманов ерлер арасында ПМ-3 жаттығуынан 287 ұпай жинап, жекелей есепте ІІІ орынға ие болды.
Рамазан Құлмановтың бұл жетістігі жеке жеңіспен ғана шектелмеді. Оның жекелей есептегі нәтижесі Қазақстан Республикасының құрама командасының жалпыкомандалық есепте ІІ орын алуына да өз үлесін қосты.
Бұл жеңіс – үздіксіз дайындық пен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Әскери қызметте қарудан ату шеберлігін үнемі жетілдіріп, жаттығуларға жауапкершілікпен қарау – жоғары нәтижеге жетудің басты алғышарттарының бірі. Рамазан Құлмановтың халықаралық додадағы жүлдесі де осындай жүйелі дайындықтың жемісі.
Рамазан Құлмановтың халықаралық аренадағы нәтижесі – ел мерейін үстем еткен маңызды жеңіс әрі Отан қорғаушылардың кәсіби шеберлігі мен табандылығының жарқын көрінісі.
Пікірлер