A+ A A-

talgatzhan 41 Бүгін, 14:30 0

Өскеменде танысын соққыға жыққан жігіт көше сыпыратын болды

Бүгін / Өскемен

Ашуын ауыздықтай алмаған тұрғын ер адамды ұрып, дене жарақаттарын келтіргені үшін жазаға тартылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жуықта Өскемен қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қылмыстық іс қаралды. Сот үкіміне сәйкес, Сергей (есімі өзгертілген) есімді тұрғын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 107-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған.
Іс материалдарына сәйкес, былтыр 20 қарашада түнгі уақытта көлік ішінде отырған азаматтар арасында жанжал туындаған. Сөздері келіспей қалып, сотталған азамат жәбірленушіге бірнеше рет соққы жасаған. Кейін жанжал көлік сыртында да жалғасып, жәбірленушінің басы мен бет тұсына соққылар жасалған.
Сот-медициналық сараптамасы қорытындысында жәбірленушіге ауырлығы орташа деңгейдегі дене жарақаттары келтірілгені анықталды.
Сот отырысында Сергей кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтқан. Іс процестік келісім тәртібімен қаралды. Сот тараптар келісімін ескере отырып, оған 300 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындаған. Яғни, көше сыпыратын болды. Сонымен қатар жәбірленушілерге өтемақы қорына 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 39 320 теңге көлемінде мәжбүрлі төлем өндірілген. Мемлекет кірісіне 841 теңге көлемінде сот шығындарын өтеу міндеттелді.
– Бұл сот үкімі жанжал кезінде эмоцияға берілудің, ашуға бой алдырудың салдары қандай болатынын көрсетеді. Қоғамдық жұмыстар жазасы сотталған адамның қоғамнан оқшауланбай, өз міндеттерін орындау арқылы жауапкершілігін сезінуіне мүмкіндік береді, – делінген ақпаратта.
Пробация қызметінің жұмысы да осы бағытта маңызды рөл атқаратын көрінеді. Мамандар сотталған адамның заң талаптарын сақтауына бақылау жүргізумен қатар, оның қайта құқық бұзушылыққа бармауына ықпал ету – негізгі міндеттердің бірі екенін жеткізді.
– Бұл іс әр азаматқа өз әрекетіне жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсетеді. Қандай да бір жанжал туындаса, мәселені күш қолдану арқылы шешуге болмайды. Бір сәттік ашу адам денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, оның өзіне де заң алдында жауапкершілік жүктейді. Сондықтан кез келген даулы жағдайды сабырмен шешіп, құқықтық тәртіп сақтаған жөн. Сотталған адам үшін бұл жағдай өз қателігін түсініп, заң талаптарын сақтап, қалыпты өмірге оралуға жасалған маңызды мүмкіндік деп білемін, – дейді Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті Сол жағалау ауданының аға инспекторы, әділет подполковнигі Әсел Шабалова.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив