Облыста 21 тұрғын тағамға алдын ала төлеген қаржысын қайтарып алатын болды. Кәсіпкер тапсырыстарды біраз уақыт жеткізгенімен, кейін қызметін тоқтатқан. Енді ол тұтынушыларға өсімпұлды қоса есептегенде 3,6 млн теңгеден астам қаржы қайтарады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Өңір тұрғындары жеке кәсіпкермен дайын тағам жиынғын жеткізу туралы келісімшарт жасасып, қызмет ақысын толық төлеген. Алғашқы кезде тапсырыстар уақытында жеткізіліп отырған. Алайда кейін кәсіпкер жеткізу қызметін тоқтатқан.
Соған қарамастан клиенттер пайдаланылмаған тағам жиынтықтары үшін төлеген ақшасын қайтара алмаған. Олар мәселені алдымен кәсіпкермен өздері шешуге тырысқанымен, нәтижесі болмаған. Осыдан кейін бірнеше тұрғын Шығыс Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.
Ведомство басшысының орынбасары Андрей Троеглазовтың айтуынша, дауды сотқа дейін реттеу әрекеті де нәтиже бермеген. Департаменттің кәсіпкерге жолдаған талабына да жауап болмаған.
— Заңнамаға сәйкес, бір мәселе бойынша оннан астам адамның құқығы бұзылған жағдайда уәкілетті орган тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін сотқа жүгіне алады. Бұл жағдайда 21 тұтынушының мүддесі үшін сотқа талап арыз берілді, — деді Андрей Троеглазов.
Ұжымдық талап арызды Өскемен қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қарады.
Сот тұтынушылардың талаптарын қанағаттандырды. Жеке кәсіпкерден 3 млн 55 мың 138 теңге көлемінде материалдық шығын өндірілді. Бұл — клиенттер алдын ала төлеген, бірақ ала алмаған қызметтердің құны.
Сонымен қатар кәсіпкер тұтынушылардың талаптарын орындау мерзімін бұзғаны үшін 611 мың 28 теңге өсімпұл төлеуге міндеттелді.
Осылайша, 21 тұтынушыға жалпы 3 млн 666 мың 166 теңге қайтарылады.
Ведомство мәліметінше, тұтынушылардан мұндай сипаттағы өтініштер әлі де түсіп жатыр. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда, мамандар тұтынушылардың құқықтарын қалпына келтіруге, қажет болған жағдайда бұл мәселені сот арқылы шешуге де көмектесуге дайын.
Пікірлер