
Елде алғаш рет резидентураға гранттар цифрлық жүйе арқылы бөлінді
Қазақстанда резидентураға грант бөлу алғаш рет цифрлық платформа арқылы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігі 2026–2027 оқу жылына медициналық мамандықтар бойынша резидентураға республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын бөлу жөніндегі конкурстың қорытындысын шығарды.
Биыл «Резидентураның цифрлық платформасы» ақпараттық жүйесі арқылы барлығы 12 575 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 8 548 талапкер 2 500 білім беру грантына арналған конкурсқа қатысуға жіберілді.
— Жүргізілген рейтинг нәтижелері бойынша 2 384 грант бөлінді. Игерілмей қалған 116 грант бойынша 27–28 тамызда қосымша конкурс өткізіледі. Оның қорытындысы 29 тамызда белгілі болады, — делінген хабарламада.
Биыл резидентураға қабылдау алғаш рет цифрлық платформа арқылы жүзеге асырылып жатыр. Конкурстық іріктеу үлгерімнің орташа балы (GPA) мен қорытынды мемлекеттік аттестаттау нәтижелері ескеріле отырып, автоматтандырылған режимде жүргізіледі. Қабылдау рәсімін цифрландыру конкурс үдерісінің ашықтығын арттыруға, білім беру гранттарын объективті бөлуге және медициналық кадрларды даярлауды тиімді жоспарлауға бағытталған.
2026 жылдан бастап талапкерлер үшін де мүмкіндіктер кеңейтілді: талапкерлер бір мезгілде төрт мамандық бойынша төрт білім беру ұйымына құжат тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Резидентурада мамандар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы денсаулық сақтау жүйесінің нақты кадрлық қажеттіліктерін ескере отырып қалыптастырылады. Орындар санын айқындау кезінде жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері, мамандар тапшылығы, сондай-ақ жаңадан іске қосылатын денсаулық сақтау объектілері үшін кадрларға қажеттілік ескеріледі.
Ең көп сұранысқа ие мамандар қатарында анестезиология және реаниматология, жалпы хирургия, терапия, педиатрия, кардиология, онкология, неврология, радиология, неонатология, травматология және ортопедия, сондай-ақ басқа да клиникалық мамандықтар бар.
2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы резидентураның 57 мамандығы бойынша қалыптастырылды. Атап айтқанда:
акушерия және гинекология бойынша — 231 орын,
анестезиология және реаниматология бойынша — 148,
жалпы хирургия бойынша — 140,
терапия бойынша — 122,
педиатрия бойынша — 113,
онкология бойынша — 111,
кардиология бойынша — 102,
радиология бойынша — 86,
неврология бойынша — 84
және неонатология бойынша — 75 орын қарастырылған.
Резидентура бағдарламалары бойынша мамандарды медициналық университеттер, ғылыми-зерттеу институттары, ұлттық ғылыми орталықтар және көпсалалы жоғары оқу орындарының медициналық факультеттері даярлайды.
Мемлекеттік гранттардың ең көп саны елдің жетекші медициналық жоғары оқу орындары арасында бөлінді:
С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне — 517 грант,
Астана медицина университетіне — 332,
Семей медицина университетіне — 297,
М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне — 290,
Қарағанды медицина университетіне — 212 грант.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 12–17 тамыз аралығында жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) гранттарына конкурсқа қатысу үшін өтініштер қабылданып жатыр. Биыл 18 өңір (Түркістан облысы мен Шымкент қаласын қоспағанда) жалпы саны 900 грант бөлді. ЖАО гранттарына республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқуға түспеген тұлғалар қатыса алады. 18 тамызда ЖАО гранттары бойынша рейтинг нәтижелері жарияланады.
Резидентураға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру — денсаулық сақтау жүйесін білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі. Орындардың саны мен бейіні өңірлердің қазіргі және перспективалық қажеттіліктері, сондай-ақ елдегі медициналық инфрақұрылымның даму перспективалары ескеріле отырып айқындалады.
Сонымен қатар, ақылы оқу бойынша құжаттарды қабылдау жалғасады. Құжаттарды 25 тамызға дейін 1 337 орынға тапсыруға болады. Рейтинг нәтижелері 27 тамызда жарияланады. Одан кейін 29–30 тамыз аралығында жергілікті атқарушы органдардың игерілмеген гранттарын қайта бөлу бойынша конкурсқа қатысуға өтініштер қабылданады. Аталған гранттар бойынша қорытынды рейтинг нәтижелері 31 тамызда жарияланады.
Осылайша, негізгі конкурс аяқталғаннан кейін талапкерлерге қалған білім беру гранттарын бөлуге қатысу және резидентураға оқуға түсу үшін бірнеше қосымша мүмкіндік беріледі.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер