Облыс орталығында әлемнің 26 елінен 120-дан астам команда қатысқан халықаралық ралли өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қатысушылар 10 мың шақырымнан астам жолды еңсеріп, ұзақ сапарын Шығыс Қазақстанда аяқтады.
Облыс халықаралық раллидің мәресін үшінші жыл қатарынан қабылдап отыр. Биыл саяхатқа Англия, Дания, Бельгия, Италия, Ирландия, Норвегия, Аустралия, Франция, АҚШ, Канада, Нидерланд, Германия, Швеция, Швейцария, Жаңа Зеландия, Болгария, Словения, Испания және басқа да елдердің өкілдері қатысты. Мәреге келген шетелдік қонақтар Қазақстанның табиғаты мен мәдениеті туралы ойларымен бөлісті.
- Қазақстандағы адамдардың қонақжайлылығы ұнады. Табиғаты да, адамдары да ерекше екен. Бұл жерде Еуропада жиі кездесе бермейтін ерекше дүниелерді байқадық, - деді Италиядан келген саяхатшы.
Мәреге келген саяхатшыларды қала тұрғындары қарсы алып, олардың ұзақ сапары туралы әңгімелерін тыңдады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай халықаралық жобалар Шығыс Қазақстанды шетелдік туристер арасында танытып, өңірдің туристік және инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Пікірлер