Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мен сарбаздары ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси шараға — Құрылтай сайлауына қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әскери бөлімнің 940 сарбазы өздерінің азаматтық міндетін орындап, №58 жабық сайлау учаскесінде дауыс берді. Сайлау күні әскери қызметшілер үшін барлық қажетті жағдай жасалып, дауыс беру үдерісі ұйымдасқан түрде өтті.
Сарбаздар үшін дауыс беру — ел болашағына қатысты өз ұстанымын білдірудің маңызды мүмкіндігі. Әскери қызметшілер Отан алдындағы борышын өтеумен қатар, азаматтық жауапкершілікті де жоғары бағалайтынын көрсетті.
- Мен үшін сайлауға қатысу — азаматтық парызымды орындау. Елдің болашағына қатысты маңызды шешімдерге өз дауысым арқылы үлес қосқым келеді. Әскери қызмет атқарып жүрген әр сарбаздың өз таңдауын жасап, азаматтық белсенділік танытуы маңызды деп ойлаймын, - деді қатардағы жауынгер Бекжан Ахметбеков.
Сайлауға толық құрамда қатысу әскери қызметшілердің ел өміріне деген жауапкершілігін және азаматтық белсенділігін айқын көрсетті. Отан қорғау — тек әскери міндетті орындау ғана емес, сонымен бірге ел болашағына бейжай қарамай, азаматтық ұстаным таныту.
Пікірлер