Бүгін Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Маңызды саяси науқанға Өскемендегі мәдениет саласының өкілдері де белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады. ШҚО драма және оперетта театрының ұжымы сайлау учаскесіне арнайы барып, дауыс берді.
Театр қызметкерлері №39 сайлау учаскесіне ұлттық киім киіп келіп, сайлауға деген азаматтық белсенділіктерін көрсетті. Мәдениет өкілдері ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен ел өміріндегі маңызды саяси үдерістерге қатысу қатар жүретінін атап өтті.
– Бүгін сайлауға арнайы келіп, дауыс бердік. Қазақстанның болашағы үшін өз таңдауымды жасадым. Әр азамат елдің қоғамдық-саяси өміріне бейжай қарамай, өзінің азаматтық ұстанымын білдіруі маңызды деп ойлаймын, – деді ШҚО драма және оперетта театрының труппа меңгерушісі Айжан Сәдуақасова.
Театр ұжымы өкілдерінің айтуынша, сайлау – азаматтардың ел болашағына қатысты өз пікірін білдіретін маңызды мүмкіндік. Сондықтан олар таңертеңнен бастап сайлау учаскесіне келіп, өз азаматтық міндеттерін орындауды жөн көрген.
– Көптен күткен Әділетті Қазақстанның болашағына өз үлесімізді қосудамыз. Бұл – ел үшін маңызды саяси науқан. Таңертең ерте келіп, дауысымызды бердік. Сайлауға қатысу, өз таңдауын жасау – әрбір қазақстандықтың парызы. Біз де азаматтық ұстанымымызды білдіріп, елдің ертеңіне қатысты өз таңдауымызды жасадық, – деді қазақ труппасының актері Ербол Әсемханов.
Театр ұжымы ұлттық киіммен келіп дауыс беру арқылы азаматтық белсенділікпен қатар, қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетін де насихаттады.
Пікірлер