Бүгін Ақжар ауылындағы орталық стадионда тұрғындар мен балаларға арналған ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылып, ауыл жұртшылығы үшін мазмұнды әрі көңілді күн өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, тұрғындарға қой және сиыр еті, балық, бақша өнімдері және басқа да қажетті тауарлар ұсынылды. Жәрмеңкеге келушілерге сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік жасалды.
Сонымен қатар жаңа оқу жылына дайындық аясында «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылып, балаларға қажетті киім-кешек, мектеп сөмкелері, оқу құралдары және басқа да керек-жарақтар саудаланды.
Мерекелік бағдарламаның спорттық бөлігінде арқан тарту, қол күресі, асық ату және басқа да сайыстар өтіп, қатысушылар өзара бақ сынасты. Балаларға арналған концерттік бағдарлама да көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ал бүлдіршіндер үшін көбік шоуы мен «Холли баяуы» ұйымдастырылып, балалар ерекше әсерге бөленді. Көбікке шомылып, ойын ойнаған балалардың шат күлкісі мерекенің сәнін келтірді.
Ауыл тұрғындары бас қосқан бұл мерекелік күн көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, балаларға ұмытылмас әсер қалдырды.
Пікірлер