Бүгін, 23 тамызда, Тарбағатай ауданында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тарбағатай ауданында барлық сайлау учаскесі сағат 7.00-де жергілікті елдімекендерде уақытымен ашылып, мемлекеттік гимн ойнатылып, сайлау комиссияларының мүшесі мен бақылаушылар өз жұмыстарына кірісті.
Сайлаушылар өздерінің тұрғылықты жері бойынша тиісті сайлау учаскелеріне барып, азаматтық таңдауларын жасауда. Ауданда барлығы 31 ашық сайлау учаскесі жұмыс істеп, онда дауыс беруге барлық қажетті жағдай жасалған.
Сайлау учаскелерінде азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету, дауыс беру тәртібін сақтау және сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қадағалауға 93 «ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясы мен 105 партия бақылаушылары қатысып отыр.
Сайлау Қазақстан Республикасының қолданыстағы сайлау заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіппен өтіп жатыр. Учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмыстарын заң талаптарына сай ұйымдастырып, сайлаушылардың дауыс беруіне мүмкіндік беруде.
Алғашқылардың бірі болып дауыс бергендерге, алғашқы рет дауыс беріп тұрған жастарға және сайлауға қатысқан қарт ата-әжелерге сыйлықтар ұсынылды.
Атап айтсақ, 90 жастағы Ақжар ауылының тұрғыны, қарт әже Жүнісбекова Жібек апамыз Ақжар ауылындағы 907 сайлау учаскесіне келіп Құрылтай сайлауына өз даусын берді. Сонымен қатар 87 жастағы Жамбыл ауылының тұрғыны Жакупов Солтан, Ақжар ауылының тұрғыны 84 жастағы Кадыркулова Зулкаш апамыз, 80 жастағы қарт ұстаз Зайцева Ольга, Тұғыл ауылының тұрғыны 85 жастағы Канапиянова Муралхан өз таңдауларын жасап дауыстарын берді.
Сонымен қатар алғашқылардың бірі болып Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев та Ақжар ауылының 906 сайлау учаскесіне келіп өз даусын берді.
Бірінші рет дауыс берген Ақжар ауылының тұрғындары Абаева Еркежан, Жәнібекова Балжан Ерболқызы, Қарой ауылының тұрғыны Имашева Арай, Алдабергенов Дамир да азаматтық ұстанымдарын білдіріп сайлауда дауыс берді.
Тарбағатай аудандық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Шакенов Мырзахан және Ақжар ауылдық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Серік Бектаев та Ақжар ауылындағы сайлау учаскелеріне келіп өз таңдауларын жасады.
Аудан көлемінде Құрылтай сайлауымен қатар ауылдық округтерде кең көлемде ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, азық-түлік, көкөніс, ет өнімдері саудалануда.
Ақжар ауылында ауылшаруашылығы жәрмеңкесімен қатар «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп құрал жабдықтарының, мектеп формасының сауда жәрмеңкелері қатар өтуде. Сонымен қатар, акция аясында балаларға арналған концерт, көбік кеші және түрлі түсті краска-шоу ұйымдастырылуда.
Айта кетейік, Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі.
Тарбағатай ауданында сайлау барысы белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылып, дауыс беру процесі қалыпты жағдайда жалғасуда.
Пікірлер