Өскемен қаласы тұрғындарының алимент бойынша берешегі 1,5 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Қала прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта 8 899 кәмелетке толмаған баланың пайдасына алимент өндіру жөнінде 6 557 атқарушылық іс орындалып жатыр. Ал 1 141 іс бойынша алимент берешегінің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асқан.
Борышкерлердің арасында 214 адамның букмекерлік ұйымдарда тіркелгені белгілі болды. Қазір прокуратура олардың алимент бойынша берешекті өтеуге нақты мүмкіндігі бар-жоғын анықтап жатыр.
— Жекелеген атқарушылық істер бойынша борышкерлердің табысы мен мүлкіне өндіріп алу шаралары қолданылмаған. Сондай-ақ белгіленген шектеулердің негізсіз алынып тасталған фактілері анықталды. Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде 13 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламада.
Алимент төлемеу себебін жұмыссыздықпен түсіндіретін борышкерлер мәселесі де жеке қаралуда. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, борышкерлер үшін 19 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған.
Пікірлер