Өскемендегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Айзере Жеңісханова халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арналған салтанатты кездесуге қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
24 тамызда Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесті. Салтанатты іс-шараға ел намысын халықаралық білім додаларында абыроймен қорғаған 21 лауреат, олардың ұстаздары мен тәлімгерлері қатысты.
Олардың қатарында Өскемендегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы, халықаралық химия олимпиадаларының жүлдегері Айзере Жеңісханова да бар.
Айзере биыл Өзбекстанда өткен халықаралық химия олимпиадасында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп, алтын медаль иеленді. Жас зияткер бұған дейін де халықаралық білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтатып келеді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы дарынды жастарды жарқын жеңістерімен құттықтап, олардың Қазақстанның зияткерлік әлеуетін әлемге танытуға қосып жүрген үлесін жоғары бағалады.
– Қазақстанның жарқын болашағы – ойы ұшқыр, білімді, дарынды жастардың қолында. Сіздер ел мақтанышы деген атқа лайықсыздар, – деді Президент.
Айзере Жеңісханованың Ақордадағы салтанатты кездесуге қатысуы – Назарбаев Зияткерлік мектебі үшін үлкен мақтаныш. Бұл – дарынды оқушының табанды еңбегі мен білімге деген құштарлығының, оны халықаралық олимпиадаларға дайындаған ұстаздарының еңбегінің нәтижесі.
Пікірлер