Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Қала күніне орай ерекше фестиваль ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараның негізгі мақсаты – шығармашылық жастарды қолдау, қала тұрғындары мен қонақтарына өнердің түрлі бағыттарын таныстыру және шаһардың мәдени өмірін жандандыру.
Фестиваль барысында «Жұлдыз» балалар өнер мектебі көркемсурет бөлімінің оқушылары жасаған шығармашылық жұмыстардан көрме ұйымдастырылды. Экспозицияда жас суретшілердің қала сәулетіне арналған еңбектері ұсынылды. Көрмеден түрлі-түсті қарындаш, пастель, фломастер, акварель және гуашьпен орындалған этюдтер мен эскиздерді тамашалауға мүмкіндік болды.
Көрмеге барлығы 37 жұмыс қойылған. Әр туындыны оқушылар өз идеялары мен қиялдарына сүйене отырып орындаған.
– Оқушыларымыз әртүрлі тақырыпта сурет салды. 37 сурет алып келдік. Әрқайсысы – жеке туынды. Оқушылар жұмыстарын өз идеяларымен салды. Мұнда түрлі техника қолданылды: акварель, гуашь және тағы басқа, – деді көркемсурет оқытушысы Юлия Чайко.
Көрмеге келген көрермен жас суретшілердің еңбектеріне қызығушылық танытып, олардың шығармашылық ізденістерін жоғары бағалады. Ұстаздардың айтуынша, мұндай фестивальдер балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, өз жұмыстарын көпшілікке ұсынуға мүмкіндік береді.
– Іс-шара ерекше ұнап жатыр. Мұнда балалардың еңбектері қойылғаны қуантады. Әр суреттен олардың қалаға деген көзқарасын көруге болады. Осындай шығармашылық шаралар жиі ұйымдастырылса екен, – деді қала тұрғыны Ирина Федор.
Фестиваль бағдарламасы тек көрмемен шектелген жоқ. FRAME FEST қонақтары би баттлына да куә болды. Жас бишілер өз өнерлерін ортаға салып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар фестиваль алаңында жергілікті шеберлердің қолөнер бұйымдары ұсынылды.
Айта кетейік, биыл Қала күні бес күн бойы тойланады. Мерекелік бағдарлама аясында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 54 іс-шара ұйымдастырылады.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер