A+ A A-

talgatzhan 32 Бүгін, 12:00 0

Қазақстанда ипотека мен автонесиеге сұраныс күрт артты — Ұлттық банк дерегі

Бүгін / Республика

Қазақстанда 2026 жылдың екінші тоқсанында банктердің несие өнімдеріне сұраныс артқан. Әсіресе ипотека мен автонесиеге қызығушылық айтарлықтай өскен. Бұл туралы Ұлттық банктің банктер арасында жүргізген сауалнамасында айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Екінші тоқсанда ипотекалық қарыздарға сұраныс 19%-ға артып, банктерге түскен өтінімдер саны 228 мыңға жеткен. Өтінімдердің орташа сомасы да 5%-ға өсіп, 21,5 млн теңгені құрады.

Ұлттық банк мұны мемлекеттік және өңірлік тұрғын үй бағдарламаларының іске асырылуымен және кейбір банктердің ипотекалық өнімдерді қайта іске қосуымен байланыстырады.

Ипотекалық қарыздарды мақұлдау деңгейі де 10 пайыздық тармаққа өсіп, 33%-ға жеткен.

Автонесие бойынша өтініштер саны бірден 20% өсіп, 1,5 млн-ға жетті. Алайда бір өтінімнің орташа сомасы 3% төмендеп, 7 млн теңге болды.

Сұраныстың өсуіне автосалондардағы жеңілдіктер, субсидияланған пайыздық мөлшерлемелері бар бағдарламалар және банктердің ресми дилерлермен ынтымақтастығын кеңейтуі әсер еткен.

Автонесие бойынша мақұлдау деңгейі 3 пайыздық тармаққа өсіп, 18% болды.

Тұтынушылық несиеге қатысты жағдай қандай

Кепілсіз тұтынушылық несиеге түскен өтінімдердің саны іс жүзінде өзгермеген — 15,9 млн. Ал олардың орташа сомасы 10% өсіп, 1 млн 62 мың теңгеге жеткен.

Банктердің мәліметінше, сұраныстың өсуіне жалақы жобаларының көбеюі, қайта қаржыландыру бағдарламалары, маркетингтік акциялар және кейбір банктердің скоринг талаптарын жеңілдетуі ықпал еткен.

Ал кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздарға өтінімдер саны 18%-ға азайып, 85 мыңды құрады. Соған қарамастан, олардың орташа сомасы 27%-ға өсіп, 17,7 млн теңгеге жетті.

Екінші тоқсанда ірі және орта бизнес тарапынан кредитке сұраныс артқан. Ал шағын және микробизнес сегментінде сұраныс айтарлықтай өзгермеген.

Орта бизнес бойынша өтінімдер саны 4%-ға өсіп, 5,3 мыңға жетті. Олардың орташа сомасы 3%-ға артып, 927 млн теңгені құрады.

Ірі бизнес субъектілерінен түскен өтінімдер саны, керісінше, 1%-ға азайып, 235 болды. Орташа өтінім сомасы 39%-ға төмендеп, 11,5 млрд теңгені құрады.

Шағын бизнес бойынша өтінімдер саны 1%-ға азайып, 904 мыңға түсті. Орташа сұралған сома да 8%-ға төмендеп, 22,8 млн теңгені құрады.

Банктер үшінші тоқсанда не күтеді

Ұлттық банктің сауалнамасына қатысқан банктер 2026 жылдың үшінші тоқсанында ипотека мен автонесиеге сұраныс одан әрі өседі деп болжап отыр.

Ал кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздарға сұраныс бұрынғы деңгейде сақталады. Кепілсіз тұтынушылық несиелерге сұраныс біртіндеп төмендеуі мүмкін.

Сауалнамаға екінші деңгейлі 21 банк қатысқан. Ұлттық банк мұндай зерттеуді несие ресурстарына сұраныс пен ұсыныстағы өзгерістерді бағалау үшін әр тоқсан сайын жүргізеді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив