A+ A A-

talgatzhan 32 Бүгін, 14:00 0

Қазақстандықтар қанша күн демалады? Орталық Азия елдеріндегі еңбек демалысы салыстырылды

Бүгін / Республика

Қазақстанда 2025 жылы бір жалдамалы қызметкерге орта есеппен 26,4 күн ақылы еңбек демалысы тиесілі болған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап. 

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, ең ұзақ демалыс білім беру саласында жұмыс істейтіндерге берілген, деп жазады Finprom. Мұғалімдер мен педагогтердің бір қызметкерге шаққандағы орташа демалысы 35,5 күн. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында бұл көрсеткіш – 28,3 күн, тау-кен өнеркәсібінде – 28,1 күн болған.

Ал ең қысқа демалыс қаржы және сақтандыру саласы қызметкерлерінде тіркелген – 15,9 күн. Жылжымайтын мүлік секторында – 14,6 күн, ал өзге қызмет көрсету салаларында небәрі 10,1 күнді құраған.

Педагогтерге – 56 күн демалыс

Қазақстан заңнамасына сәйкес, негізгі ақылы еңбек демалысының ең төменгі ұзақтығы – 24 күнтізбелік күн. Алайда кейбір мамандық иелеріне ұзартылған немесе қосымша демалыс қарастырылған.

Мәселен, педагогтердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы 56 күнтізбелік күнге дейін жетеді. Сондай-ақ зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге де қосымша демалыс беріледі. 2025 жылы мұндай жеңілдікті 559 мыңнан астам адам пайдаланған.

Ең ұзақ демалыс қай өңірде?

Өңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш Қызылорда облысында тіркелген – бір қызметкерге шаққанда 37,5 күн. Одан кейін Түркістан (32,3 күн), Абай (32,2 күн) және Шығыс Қазақстан (31,7 күн) облыстары орналасқан.

Ал ең төмен көрсеткіш Алматы қаласында (20,6 күн), Астанада (20,8 күн) және Қостанай облысында (23,6 күн) байқалған.

Орталық Азия елдеріндегі жағдай қандай?

Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде ең ұзақ міндетті еңбек демалысы Түрікменстанда белгіленген – 30 күнтізбелік күн.

Түрікменстан – 30 күн;

Қырғызстан – 28 күн;

Қазақстан – 24 күн;
Тәжікстан – 24 күн;

Өзбекстан – 21 күн.

Алайда сарапшылар демалыс күндерінің саны ғана толық көрініс бермейтінін айтады. Мысалы, Қазақстан мен Тәжікстанда ең төменгі демалыс мерзімі бірдей болғанымен, Тәжікстанда демалысқа түскен сенбі-жексенбі күндері де төленеді. Ал Қазақстанда стандартты бескүндік жұмыс аптасында бұл күндер демалыс мерзіміне кіргенімен, бөлек төленбейді.

Әлемдік көрсеткіш қандай?

Resume.io зерттеуіне сәйкес, әлемдегі ең ұзақ заңмен белгіленген ақылы еңбек демалысы – 30 күн. Мұндай норма 22 елде қолданылады, олардың қатарында Түрікменстан да бар.

Зерттеуде қамтылған 197 ел бойынша ақылы жыл сайынғы еңбек демалысының орташа ұзақтығы 18,2 күн.

Осылайша, Қазақстандағы ең төменгі демалыс ұзақтығы әлемдік орташа деңгейден жоғары болғанымен, Орталық Азия елдері арасында Түрікменстан мен Қырғызстаннан төмен көрсеткішке ие. Сонымен бірге педагогтер мен зиянды өндіріс қызметкерлері үшін қарастырылған қосымша демалыстар жалпы көрсеткішті едәуір арттырып отыр.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив