Қазақстанда биыл 22 мыңнан астам жол апаты тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі, inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев барлығы 2 мың адам қаза тауып, 25 мыңнан астам адам жарақат алған дейді.
-Жол апаты мен жарақат алғандар көрсеткіштерінің өсуі жол-көлік оқиғаларын есепке алу тәсілінің өзгеруімен байланысты. Қазір денсаулыққа келтірілген зиянға қарамастан, жол апатынан кейін медициналық мекемеге жүгінген барлық адамдар есепке алынады, - деді спикер.
Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, жолда қаза тапқандар санының артуы апаттың негізгі үш түріне байланысты, олар: автокөліктердің бетпе-бет соқтығысуы; жаяу жүргіншілерді қағып кету; көліктердің аударылуы. Аталмыш себептермен қайтқандардың саны жалпы жол апатында мерт болғандардың 73%-ын құрайды.
-Апаттың осы үш түрінің негізгі себебі - жылдамдықты арттыру. Жылдамдық режимін бақылаудағы тиімді шешім – автоматты камераларды қолдану. Олардың саны бүгінде шамамен 25 мың. Оның ішінде, елордада – 6 мыңнан астам, Алматыда – 9 мыңнан астам және Шымкентте – 2 мыңға жуық бірлік. Камералар жалпы жол ережелерін бұзу фактілерінің 70%-ын анықтап отыр. Одан бөлек, статистика бойынша жол апатының 84%-ы елді мекендердің үлесінде, – деді спикер ОКҚ алаңында.
Пікірлер