Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
24 тамызда Өскемен халықаралық әуежайында көлік полицейлері "Алматы – Өскемен" бағытындағы рейстен 35 жастағы Алматы тұрғынын түсірді.
Ер адам ұшақ көтеріле бастаған кезде қауіпсіздік белдігін тақпаған. Сондай-ақ ішімдік ішіп, тамақ пен сусыннан қалған қоқысты салонға әдейі шашқан. Экипаж мүшелерінің талаптарына бағынбай, оларды балағаттап, басқа жолаушыларға дөрекі сөздер айтқан. Бұдан бөлек, рұқсатсыз орнынан тұрып, ұшақтың артқы бөлігіне өтіп, бос орындарға отырған. Тексеру барысында оның бұған дейін де бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
Оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің төрт бабы бойынша хаттама толтырылды. Атап айтқанда, алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орынға мас күйінде келу, әуе кемесі бортындағы мінез-құлық ережелерін бұзу, ортақ пайдалану орындарын ластау және ұсақ бұзақылық бойынша жауапқа тартылды.
Екі бап бойынша оған 8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ер адамды ұсақ бұзақылық жасап, қоғамдық орында қоқыс тастағаны үшін кінәлі деп танып, 20 сағат мәжбүрлі қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады.
Пікірлер