A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 17:55 0

Өскеменде «White Party» фестивалі өтті

Бүгін / Өскемен

Биыл қала тұрғындары мен қонақтарын біріктірген мерекелік іс-шара бесінші рет өткізіліп отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ақ түсті киім киіп келген тұрғындар ашық аспан астында бас қосып, кешті көңілді өткізді. Фестиваль отбасылық форматта ұйымдастырылғандықтан, мұнда әр жастағы қала тұрғындарына арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары қарастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жазғы кешті отбасымен және жақындарымен бірге жағымды атмосферада өткізуге мүмкіндік жасау.
– «White Party Oskemen» фестивалі жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл бұл шараны бесінші рет ұйымдастырып отырмыз. Негізгі мақсатымыз – қала тұрғындарына жақсы көңіл күй сыйлау. Фестиваль отбасылық форматта өтеді. Сондықтан балаларға арналған арнайы алаңдар да қарастырылды. Онда түрлі ойындар мен қызықты шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар ашық аспан астында мультфильм тамашалауға мүмкіндік бар. Кеш барысында концерттік бағдарлама да ұсынылады. Қонақтарға тамақтануға арналған арнайы орындар ұйымдастырылды, – деді фестивальді ұйымдастырушы Руслан Абдрасуллин.
Өскемендіктер үшін демалыс пен көңіл көтеруге қажетті бірнеше алаң жұмыс істеді. Балалар ойындарға қатысып, арнайы ұйымдастырылған бағдарламаларға белсенді араласса, ересектер концерттік кешті тамашалап, жақындарымен уақыт өткізді.
Фестивальдің ерекшелігі – қатысушылардың ақ түсті киім киюі. Ақ жейде, көйлек, шалбар және ақ түсті аксессуарлар кештің өзіндік стилін қалыптастырды. Бұл дәстүр іс-шараға қатысушылар арасында ерекше көңіл күй қалыптастырып, кештің мерекелік атмосферасын айшықтай түсті.
Фестиваль аясында жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлеріне де өз жұмыстарын таныстыруға мүмкіндік берілді. Солардың бірі – кәсіпкер Маржан Әуелбекова. Ол өз қолымен жасаған бұйымдарын алып келген.
– Бүгінгі шараға өз бұйымдарымды алып келдім. Барлығын өзім қолдан тоқып, тігемін. Үйге киетін аяқ киімдер шығарамын. Сонымен қатар жаз мезгіліне арналған қалпақтар мен сөмкелер де тігемін. Осындай фестивальдердің жыл сайын өткізілетініне қуаныштымын, – деді шебер.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив