Облыс орталығында мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алуға көмектесуге уәде берген алаяқтық схема әшкереленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, облыс тұрғыны азаматтарға пәтерді тиімді бағамен ұсынып, оларды рәсімдеу жұмыстарын өз мойнына алатынын айтқан.
– Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 30 жастағы ер адам 2024 жылдың қарашасынан 2026 жылдың сәуіріне дейін әрекет еткен. Ол адамдарды өзіне қолма-қол ақша беруге және банк шоттарына ақша аударуға көндірген. Ақша алғаннан кейін тұрғын үйді тіркеу, құжаттарды рәсімдеу және басқа да төлемдер үшін қосымша шығындар қажет екенін айтып, жаңа талаптар қойған. Жәбірленушілерді мәміленің шынайылығына түпкілікті сендіру үшін ер адам пәтер жалдап, оны олардың болашақ баспанасы ретінде көрсеткен. Азаматтар жақын арада баспананың кілтін аламыз деген үмітпен ақша беруді жалғастырған, - делінген ШҚО Полиция департаментінің мәліметінде.
Алайда уәде етілген баспана мен құжаттарды олар сол күйі ала алмаған. Алаяқтың әрекетінен облыстың 25 тұрғыны зардап шеккен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 186 445 000 теңгені құрады.
Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында. Жауап алу барысында өз кінәсін мойындаған.
Пікірлер