2026 жылдың II тоқсанында Қазақстанда 9,4 млн адам жұмыспен қамтылған. Ұлттық статистика бюросы халықтың басым бөлігі еңбек ететін салаларды атады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Халықтың жұмыспен қамтылуына жүргізілген зерттеу нәтижесіне сәйкес, 2026 жылдың II тоқсанында ел экономикасының түрлі салаларында 9,4 млн адам еңбек еткен. Оның 7,3 миллионы — жалдамалы қызметкер, тағы 2,1 миллионы — өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі мына салаларға тиесілі:
• сауда — 16,8%;
• білім беру — 13,3%;
• өнеркәсіп — 12,4%;
• ауыл шаруашылығы — 10,5%;
• көлік және қойма қызметі — 7,1%;
• құрылыс — 6,8%;
• денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету — 6,6%.
2025 жылдың II тоқсанымен салыстырғанда бірқатар салада жұмыс істейтіндер саны артқан. Ең жоғары өсім жылжымайтын мүлікпен байланысты қызмет саласында байқалды. Мұнда жұмыспен қамтылғандар саны 37 мың адамға көбейген. Білім беру саласында өсім 31,1 мың адамды, денсаулық сақтау саласында 21,2 мың адамды құрады.
Сондай-ақ өнер, ойын-сауық және демалыс саласында жұмыс істейтіндер саны 15,1 мың адамға артқан. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында — 7,7 мың, қаржы және сақтандыру саласында 7,4 мың адамға көбейді.
Пікірлер