A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 16:40 0

Өскеменде «Ұлы дала батыры» жекпе-жек турнирі өтті

Бүгін / Өскемен / Спорт

Бүгін «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығында қала күніне орай «Ұлы дала батыры» жекпе-жектен ашық турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Биыл төртінші рет өтіп жатқан жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 62 спортшы қатысты. Сондай-ақ жекпе-жек өнеріне қызығушылық танытқан қала тұрғындары да жиналды. Көрермен жарыс барысында спортшыларға қолдау көрсетіп, тартысты бәсекеге куә болды. 
Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық деңгейдегі турнирдің негізгі мақсаты – жекпе-жек спортын дамыту және әр елдің үздік спортшыларын бір алаңда тоғыстыру.
- Бүгінгі іс-шараны қала әкімдігінің қолдауымен күніне орай қолға алдық. Турнир жыл сайынғы дәстүрге айналды. Бұнымен тоқтап қалмаймыз. Жоспар бойынша қараша айында және келесі жылы да ашық турнирлер ұйымдастырылады, – деді ұйымдастырушы Дамир Төкен.
Жарыстың алғашқы жекпе-жегінде Өзбекстан спортшысы Дилшод Нормуродов пен қазақстандық Рустам Жүсіпов кездесті. Тартысты өткен бәсекенің екінші раундында өзбекстандық спортшы күресті жалғастырудан бас тартты. Осылайша, Рустам Жүсіпов жеңімпаз атанды. 
Кейін Ералы Сафиолдаұлы мен Азамат Жомартов күш сынасты. Екінші раундта Азамат Жомартов шеберлігін көрсетіп, қарсыласының қолына ауырту әдісін қолданды. Нәтижесінде төреші жекпе-жекті тоқтатып, Азамат Жомартовты уақытынан бұрын жеңімпаз деп таныды. 
Ал үшінші жекпе-жекте Қуат Қазбеков пен Нұркен Анарбеков кездесті. Екі спортшы да бірнеше раунд бойы белсенділік танытып, жеңіске ұмтылды. Нәтижесінде Қуат Қазбеков жеңіске жетті.
Турнирді тамашалауға келген қала тұрғындарының арасында жекпе-жек спортының тұрақты жанкүйерлері де бар. Өскемендік Арнұр Болаттың сөзінше, қала күнінене арналған іс-шара қызықты өтті. 
- Ережесіз жекпе-жек пен бокс спортына қызығамын. Бұл сайысқа бірінші рет келіп тұрған жоқпын. Үнемі спортшыларға қолдау білдіріп, ерекше әсер аламын. Бүгін кім жеңетінін білмеймін. Өз басым, Азамат Жомартов есімді өскемендік блогерге жанкүйермін, – деді ол. 
Айта кетейік, апта басынан бері облыс орталығында қала күніне орай түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив