«Орталық Азияның Жасыл белдеуі» бастамасын іске асыру шеңберінде еліміздің аумағында 1 млн гектардан астам жерде орман екпелерін құру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Private Company «First Carbon Group Ltd.» орман-климаттық жобалар және көміртек бірліктері саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
— Құжат орман екпелерін құру, деградацияға ұшыраған жерлер мен экожүйелерді қалпына келтіру, парниктік газдардың сіңірілуін ұлғайту, көміртек бірліктерін қалыптастыру, сондай-ақ халықаралық климаттық және инвестициялық қаржыландыруды тарту жобаларын іске асыруға мүмкіндік беретін негізді қалыптастырады.
Осы меморандум шеңберінде кейіннен ауқымын кеңейту мүмкіндігімен шамамен 100 мың гектар аумақта жасанды ормандар құру көзделеді.
Жалпы, «Орталық Азияның Жасыл белдеуі» бастамасын іске асыру шеңберінде еліміздің аумағында 1 млн гектардан астам жерде орман екпелерін құру жоспарланып отыр, — делінген Экология министрлігі хабарламасында.
Аталған бастаманы іске асыру Қазақстанның орман шаруашылығын дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. Мұндай тәсіл инвестициялар тарту есебінен орман алқаптарын ұлғайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
Меморандумға қол қою Қазақстанда орман-климаттық жобаларды іске асырудың жүйелі тәсілін қалыптастыру жолындағы қадамдардың бірі болып табылады. Бұл ретте орман экожүйелерін қалпына келтіру және кеңейту табиғатты қорғау, климаттық және инвестициялық міндеттерді қатар қамтитын бағыт ретінде қарастырылады.
Пікірлер