Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында жоғары заң шығарушы орган төрағасы Айбек Дәдебайдың үш орынбасары сайланды. Олар: Нұрлан Бекназаров, Дәния Еспаева және Динара Зәкиева, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
— Келесі қарайтын мәселеміз — Қазақстан Республикасы Құрылтайы төрағасының орынбасарларын сайлау туралы. «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 11-бабының 5-тармағына сәйкес Құрылтай төрағасының үш орынбасары болады. Олар төрағаның ұсынуы бойынша Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен сайланады. Сондықтан өзіме берілген құқықты пайдалана отырып, Қазақстан Республикасы Құрылтайы төрағасының орынбасары лауазымына алдымен Құрылтай депутаты Нұрлан Бекназаровтың кандидатурасын ұсынамын. Нұрлан Құдиярұлы — белгілі мемлекет қайраткері, кәсіби біліктілігі мол маман, депутат ретінде де тәжірибесі көп. Екі рет Парламент Сенатының депутаты болып сайланған, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы болған, — деді Айбек Дәдебай.
Ол екінші орынбасары лауазымына білікті экономист, көп жыл басшылық қызметте банк секторында жұмыс істеген, Парламенттің соңғы сайланымдарында Мәжіліс төрағасының орынбасары болған «Ақ жол» партиясының төрағасы Дәния Еспаеваны, үшінші орынбасар лауазымына көпшілікке кеңінен танымал қайраткер тұлға, қоғамдық және қайырымдылық саласында тәжірибесі мол, Мәжіліс депутаты болған Динара Зәкиеваны ұсынды. Үш кандидатура да депуттардың басым дауысымен Құрылтай төрағасының орынбасары лауазымдарына сайланды.
Пікірлер