A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 20:25 0

Өскеменде Алтай ауданының мәдени күндері өтіп жатыр

Бүгін / Өскемен / Алтай

Бүгін «Туған жер – алтын бесігім» облыстық акциясы аясында Алтай ауданының мәдени күндері басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шара барысында ауданның мәдени мұрасы, салт-дәстүрі, туризм саласындағы мүмкіндіктері мен заманауи жобалары таныстырылды. Бағдарлама аясында көрме, шығармашылық ұжымдардың қатысуымен гала-концерт және ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жоспарланған.
Мәдени күндердің басты мақсаты – ауданның өзіндік ерекшелігін көпшілікке таныстыру, өңірдің мәдениеті мен өнерін насихаттап, тұрғындар арасындағы байланысты нығайту. Шара барысында ауданның шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары өнер көрсетіп, туған жерге деген сүйіспеншілікті ән мен би арқылы жеткізді. Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарованың айтуынша, мәдени күндер аясында өлкенің салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын дәріптеуге ерекше мән беріліп отыр. Сонымен қатар биылғы шараның негізгі тақырыптарының бірі – жасанды интеллект пен цифрландыру.
– Мәдени күндер аясында салт-дәстүр дәріптеліп, гала-концерт ұйымдастырылады. Оған ауданның шығармашылық ұжымдары мен әртістері қатысып, туған жерге деген патриоттық әндерін орындайды. Биылғы жылдың тақырыбы – жасанды интеллект және цифрландыру. Біз бірнеше жоба арқылы Алтай ауданында жасанды интеллект пен цифрландырудың қай деңгейде екенін, қандай салаларда қалай дамып жатқанын көрсету үшін көрме ұйымдастырдық. Сонымен қатар ертең үлкен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, – деді Жанна Асқарова.

Көрмеде ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму бағыттары ғана емес, тұрғындардың шығармашылық ізденістері мен жастардың жаңа жобалары да ұсынылды. Олардың қатарында туризмді дамытуға арналған макет пен ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар бар.
Көрмеге қатысқан жобалардың бірі – №9 орта мектебінің 11-сынып оқушылары әзірлеген «Алтай қаласы – Шығыс Қазақстанның туристік маржаны» жобасы.
– Жоба Хамир өзені бойында этностильдегі демалыс кешенін ұйымдастыру идеясын қамтиды. Оқушылар ұсынысы бойынша кешенде үш киіз үй орналасып, отбасылық демалысқа қажетті жағдайлар жасалады. Сонымен қатар келушілерге табиғат аясында уақыт өткізуге, атқа мінуге, саумал ішуге және ұлттық ойындарға қатысуға мүмкіндік беріледі, – деді 11-сынып оқушысы Дильназ Советханова.
Жобаның негізгі мақсаты – Алтай қаласының туристік әлеуетін тиімді пайдалану және жергілікті тұрғындар мен қонақтарға демалыс орнын ұсыну арқылы ішкі туризмді дамыту.

– Біз әзірлеген макет – осы идеяның шағын үлгісі. Жоба аясында этностильдегі үш киіз үйден тұратын отбасылық кешен құру жоспарланған. Өзен бойында суға түсу, атқа міну, саумал ішу және садақ ату сияқты мүмкіндіктер қарастырылады. Қазақ халқының салт-дәстүрін кеңінен дәріптеу үшін ұлттық ойындарға басымдық бермекпіз. Макетті екі апта ішінде жасадық. Киіз үйлерді арнайы 3D-принтер көмегімен әзірледік, – деді ол.
Сонымен қатар, мәдени күндер аясындағы көрмеде ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар да көпшілік назарына ұсынылды. Зергер Аслан Қыдырханов күмістен жасалған білезік, сырға және жүзіктен тұратын топтамасын таныстырды.
– Алтай қаласындағы №9 орта мектепте көркем еңбек пәнінің мұғалімімін. Бос уақытымда зергерлікпен айналысамын. Бұл кәсіппен айналысып келе жатқаныма сегіз жылдан асты. Көбіне күміспен жұмыс істеймін. Мақсатым – ұлттық нақышты қолөнер арқылы көрсету. Соңғы кезде жасанды интеллекттің көмегімен Алтайдың Мұзтау шыңына ұқсас топтама жасадым. Ол білезік, сырға және жүзіктен тұрады. Әшекейлерде таудың мұзды көрінісі бейнеленген. Бұл бұйымдарды 160 мың теңгеге бағаладым. Барлығы таза күмістен жасалған. Ал басқа күміс білезіктердің бағасы 45 мың теңгеден басталады, – деді Аслан Қыдырханов.

Зергердің айтуынша, заманауи технологияларды шығармашылықта пайдалану жаңа идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ол ұлттық ою-өрнек пен табиғи нысандарды зергерлік бұйымдарда бейнелеу арқылы дәстүрлі қолөнерді жаңаша таныстыруды көздейді.
Мәдени күндер бағдарламасының маңызды бөлігі – ауданның шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары қатысатын гала-концерт. Концерт барысында туған жерге арналған патриоттық әндер орындалып, ауданның оооөнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Алтай ауданының мәдени күндері өңірдің мәдени мұрасын, ұлттық дәстүрін, шығармашылық әлеуетін және туристік мүмкіндіктерін таныстыруға бағытталған. Шара барысында дәстүрлі өнер мен заманауи технологияларды ұштастырған жобалар көпшілік назарына ұсынылды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив