Өңірде биылғы егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Диқандар 500 мың гектардан астам алқаптан дәнді және майлы дақылдарды жинап, мол өнімге қол жеткізді. Қазіргі таңда негізгі жұмыстардың басым бөлігі орындалған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары 611,1 мың гектар алқапта жүргізілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,5 мың гектарға артық. Оның ішінде 248,2 мың гектарға дәнді және бұршақ дақылдары, 255,4 мың гектарға майлы дақылдар егілген.
ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының жедел мәліметтеріне сәйкес, дәнді және бұршақ дақылдарының 245,96 мың гектары жиналды. Әр гектардан орта есеппен 17,4 центнер өнім алынып, қамбаға 428,7 мың тонна астық құйылды.
Бидай жинау жұмыстары да мәреге жақын. Қазіргі уақытта 151,5 мың гектар алқаптың өнімі жиналып, жоспар 98,5 пайызға орындалды. Орташа өнімділік гектарына 16,3 центнерді құрап, жалпы 246,7 мың тонна бидай бастырылды.
- Майлы дақылдарды жинау жұмыстары аяқталуға таяу. Бүгінгі таңда 255,1 мың гектар алқап жиналды. Орташа өнімділік гектарына 19,2 центнерді құрап, 488,9 мың тонна өнім алынған. Ал күнбағыс 237,2 мың гектар алқаптан жиналып отыр. Қазір диқандар қалған алқаптардағы жұмыстарды аяқтап, күзгі науқанды қорытындылауға кірісті, - деп хабарлады басқармадан.
Пікірлер