Алтай қаласында жер үйден өрт шығып, жалын гараж бен қосалқы ғимараттарға тараған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ.
– 22 қыркүйек күні сағат 16:38-де қаланың Интернациональная көшесінде жер үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына Алтай №2 өрт сөндіру бөлімінен екі бөлімше жіберілді, – деді аудандық төтенше жағдайлар басқармасының аға тергеушісі Антон Козубов.
Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, құтқарушылар келген кезде үй аумағындағы веранданың ағаш құрылымдары жанып жатқан. Кейін өрт тұрғын үйге, гараж бен қосалқы ғимараттарға тараған. Өрттің жалпы аумағы 124 шаршы метрді құрады. Алдын ала болжам бойынша, өрт верандада орналасқан қоймада басталған.
Мамандар оның шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болғанын айтады. Сондай-ақ алдын ала мәліметке сәйкес, электр жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылған. Өрт кезінде үйде әйел, 5 және 2 жастағы екі баласы болған. Үшеуі де ғимараттан өздігінен шығып үлгерген. Зардап шеккендер жоқ.
Оқиғаның мән-жайы бойынша тиісті тексеру жүргізілуде.
Пікірлер