Жыл басталғалы қаладағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына 36 адамға қатысты 15 қылмыстық іс түскен. Оның 13-і бойынша сот процесі аяқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл туралы Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты төрағасы Нұргүл Жақсыбекова мәлімдеді. Қаралған істер арасында пара алу және беру, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, ақша жымқыру және өзге де құқық бұзушылықтар бар.
Сот үкімімен 12 адам бас бостандығынан айырылған, ал 13 адамға айыппұл салынды. Олардың арасында көші-қон қызметі өкілдері, мектеп директорлары мен мәслихат депутаты бар. Сонымен қатар екі адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалса, үш адам ақталып шыққан.
– Тағайындалған айыппұлдардың жалпы сомасы 206 млн 941 мың 666 теңге. Оның 133 млн 608 мың 333 теңгесі есептік кезеңге дейін өтелген. Бұдан бөлек, үш адамға жалпы сомасы 60 млн теңге болатын айыппұл салынды. Алайда олардың сот үкімі есептік күнге дейін заңды күшіне еңбеген, – деді Нұргүл Жақсыбекова.
Сотта қаралған істердің бірінде қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің бұрынғы басшысы бар. Ол да сотталған. Судьяның айтуынша, ол сотталғандарға күш қолданып, моральдық қысым көрсетіп, заңсыз қаржы тапқан. Осылайша бұрынғы басшы 6 жыл 6 айға бас бостандығын айырылды.
Сот өкілі мәліметінше, айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда үкім мәжбүрлі түрде орындатылады. ҚР Қылмыстық кодексінің 41-бабы 6-бөлігіне сәйкес, заңда көзделген жағдайларда айыппұлдың төленбеген бөлігі басқа жаза түрімен ауыстырылуы мүмкін. Алмастыру жазасының нақты түрі мен мөлшері қылмыстық құқық бұзушылық санаты мен қылмыстық заң талаптарына негізделіп анықталады.
Пікірлер