Семей қалалық қылмыстық істер бойынша ауданаралық соты мәліметінше, ер адам мемлекеттік бағдарламалар арқылы үй, көлік, құрылыс материалдарын сатып алуға, тіпті мүгедектік тіркеуге көмектесуге уәде беріп, түрлі сылтаумен ақша жымқырған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алаяқ тұрғындар сеніміне кіріп, небір қиын мәселені шешуге көмектесетінін айтқан. Ол жәбірленушілердің біріне мемлекеттік бағдарламалар бойынша тиімді бағамен пәтер алуға көмектесе алатын таныстары бар екенін айтты. Алайда ақшаны алған ол уәдесін орындамады. Бірақ оқиға мұнымен аяқталған жоқ. Кейінірек алаяқ сол әйелден бұл жолы көлік, құрылыс материалдарын сатып алу және басқа да мәселелерді шешу сылтауымен ақша жымқырған. Ақырында жәбірленуші оған он миллион теңгеге жуық ақша берді.
Сонымен қатар ол тағы бір жәбірленушіге жылжымайтын мүлік алып беремін көмек көрсетуге уәде берген. Бұл жолы келісім үйді жеңілдікпен сатып алу төңірегінде жасалды. Ол сондай-ақ мүгедектік рәсімдеу үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша тағы бір пәтер кезегіне тұруына көмектесетінің айтты. Іс материалдарында екінші жәбірленушіге аударылған жалпы сома 5 280 000 теңге деп көрсетілген.
Жәбірленушілер мен куәгерлер айғақтары, банк аударымдары мен зерттелген дәлелдемелер жиынтығымен сотталушының кінәсі расталды. Ақыры сот ер адамды төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Қылмыстық жазадан басқа, сотталушы жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды өтеуге міндеттелді.
Пікірлер