Өңірде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, ветеринариялық инфрақұрылымды дамытып, кадрлық әлеуетті нығайту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл ветеринариялық іс-шараларға 2,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифиңде облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов мәлім етті. Айтуынша, алдағы кезеңде саланың материалдық-техникалық базасын жаңарту мен цифрландыруға ерекше көңіл бөлінбек.
Белгілі болғандай, жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алу және өңірдегі эпизоотиялық ахуалды тұрақты ұстау мақсатында биыл жеті түрлі жұқпалы ауруға қарсы 4,1 млн профилактикалық іс-шара және бруцеллёзге қатысты 1,2 млн диагностикалық зерттеу жүргізілді. Сонымен қатар жалпы ауданы 66 мың шаршы метрден асатын 420 мал шаруашылығы нысанында дезинфекция жұмыстары орындалды.
– Бруцеллёзге қарсы күрес жұмыстары ерекше бақылауда. Соңғы бес жылда облыста жануарлардың бұл ауруға шалдығу деңгейі едәуір төмендеген. Бұған жүйелі диагностикалық зерттеулер, сауықтыру шаралары және мал иелерімен жүргізілген бірлескен жұмыстар оң ықпал етті, – деді Рамиль Сағандықов.
Басқарма мәліметінше, өткен жылдың соңында өңірдің ветеринариялық қызметі арнайы автокөлікпен толық қамтамасыз етілді.
– Ендігі маңызды міндет – ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту. 2026-2027 жылдары жалпы қаржыландыру көлемі 3,6 млрд теңгеден асатын 131 ветеринариялық нысан салу жоспарланған. Атап айтқанда, осы жылғы жоспарға 32 ветеринариялық пункт, үш аудандық ветеринариялық станция, сондай-ақ 25 мал қорымы мен биотермиялық шұңқыр салу енгізілген. Қазір жоспарланған нысандардың 70 пайыздан астамы пайдалануға беруге дайын. Инвесторлар қажетті құжаттарды рәсімдеп жатыр. Қалған нысандар құрылысын 25 қарашаға дейін аяқтау көзделген, – деді басқарма басшысы.
Сөзінше, бұл жобаның ерекшелігі – нысандарды инвесторлар өз қаражаты есебінен салып, пайдалануға беруінде. Одан кейін мемлекет дайын нысандарды сатып алады.
– Сонымен қатар сібір жарасының 101 көмінді орнының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Олардың барлығы қоршалып, ескерту белгілері орнатылған және мемлекеттік жер кадастрында есепке алынған. Қазір кейбір қоршауды белгіленген талаптарға сәйкестендіру шаралары жүргізілуде, – деді Рамиль Сағандықов.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер